Таразда қайтарымсыз несие алып беремін деп жұртты сан соқтырып кеткен 35 жастағы әйел ұсталды. Ол 71 адамның сеніміне кіріп, 33 млн теңгені қалтасына басқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Алаяқ әйел микроқаржы ұйымының жалған кеңсесін ашып, қызметі туралы әлеуметтік желіде жарнама таратып отырған. Ал келушілерге өзін микроқаржы ұйымының білікті маманы етіп көрсеткен.
Қаржыдан қысылғандар тек облыс орталығынан ғана емес, шалғай аудандардан да келген. Осылайша қайтарымсыз несие аламын деп сенгендер алғашқы жарна ретінде құйған қаражатынан да айырылып қалған.
Қазір күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
– ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлігімен, яғни бірнеше рет жасалған алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір дәлелдеме жинауға және болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр, – дейді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.