Былтыр 31,5 мың жол апатынан 2 579 адам бақилық болды – депутат

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық тестілеуді Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беру қажет деп санайтынын жеткізді.

Отырыс барысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Данабек Исабеков ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткенін, соның салдарынан жол апаттары көбейіп кеткенін, бұл мәселе қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отырғанын атап өтті.

Өз сауалында халық қалаулысы жол-көлік апаттарының көптігіне тоқталып, нақты фактілерді келтірді:

- Қазір жол апатының өзектілігі артып, жыл сайын дүниежүзінде 1,19 миллион адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмады. Қазақстандағы көрсеткіш те жоғары. 2024 жылы 31,5 мың жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 2 579 адам бақилық болды. Жол апаттары жылдамдықты шамадан тыс арттыру, мас күйінде рөлге отыру және ережені өз деңгейінде сақтамай көлік жүргізу салдарынан жиі жол апаттары орын алады. Бұл дегеніміз, көлік жүргізушілер арасында жауапкершілік төмендеп, жолда жүру ережесін сақтамайтындар көп. Бұған әсер ететін фактілер көп. Соның бірі – жүргізуші куәлік беретін орындардағы сыбайлас жемқорлық. Әрине, бақылау жоқ жерде жөнді тәртіп те болмайды. 2009 жылы Ішкі істер министрілігі жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау алынғалы мониторингтік бақылау тоқтады. Қазір автомектептерде оқымай-ақ анықтама алып, Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында сынақ тапсыра алады. Қазіргі уақытта автомектептер ешқандай жауапкершілік алмайды, куәлік алуға ниеттілерге оқыды деген анықтама онды-солды береді. Содан кейін мамандандырылған ХҚО теориялық және практикалық емтиханнан өтудің түрлі әдіс-тәсілін қарастырады.

- Теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру процесінде бұзушылықтар бар. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында автоматтандырылған жүйемен емтихан тапсыру кезінде манипуляцияны қолданудың 222 фактісі анықталды. Біз Көкшетау қаласында, Өскеменде өсу фактілері анықталып, жауапты мамандар жазаланғанын жақсы білеміз, – деді депутат.

Әлем елдерінің тәжірибесіне қарағанда, Аустралия, Жапония, Италия, Финляндия, Швеция және Германияда жүргізуші куәлігін алу өте қиын. Бұл елдердің кез келгенінде автомектептер жүргізушіге жоғары талап қояды. Мәселен, рейтингте бірінші орында тұрған Аустралияда жүргізуші куәлігін алу үшін бірнеше жыл керек. Осы уақыт ішінде жүргізу екі рет теориялық, екі рет практикалық сынақтан өтеді екен.

- Бізге де әлем елдерінің үздік тәжірибелерін саралап, жүргізуші куәлігін беруді қатаңдататын заң нормаларын қабылдау маңызды, – деген депутат бұл мәселені шешу үшін министрге келесідей ұсыныстар айтты:

- Біздің ұсыныс:

Біріншіден, білім беру жүйесі – мектептерде жолда жүру тәртібі мен көлікті жүргізу негізін үйрететін арнайы факультативті курстар оқыту маңызды деп санаймыз. Біздің буын мектеп оқығанда мұндай игілікті көргенімізді айту керек-ақ. Сондықтан Оқу-ағарту және Ішкі істер министрлігі ортақ оқу бағдарламасын әзірлеуге мән бергені дұрыс.

Екіншіден, теориялық тестілеуді Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беру қажет деп санаймыз.

Үшіншіден, автодромдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек.

Төртіншіден, автомектептерге лицензия беруді қарастырып, олардың жауапкершілігін арттыру керек. Мәселен, жыл көлемінде белгілі бір автомектепті бітірген жүргізушілер көп рет жолда жүру ережесін бұзса, ондай орталықтың лицензиясын кері алу тетігін реттеу керек. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде сәтті қолданып отырғанын айту маңызды. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.