100 директор бір орында он жыл отыр
100 директор бір орында он жыл отыр
154
оқылды
Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Бай­­жұ­ма­новтың төрағалық етуі­мен өткен селекторда білім сала­сының өткен жыл­ғы жұ­мы­сы сараланып, биылғы маңызды міндет­тер белгі­лен­ді. Облыстық білім бас­қар­­масының бас­шы­сы Май­гүл Ома­рова жа­са­ған баян­­дамада жыл қоры­тынды­сын­да облы­сы­­­мыз­дағы білім са­­­па­сы 61,7 пайызға жетіпті. Көрсеткішті кері тартушылар қатарында Талдықорған қаласы, Райымбек, Ұйғыр, Көксу аудан­­дары болса, Іле, Алакөл аудан­дары жоғары жетістіктерді бағын­ды­рып, облыс бойынша сапаның жақсаруына өзіндік үлесін қо­сып­ты. Кезінде республикада ал­дыңғы қатарға көрінетін аймақтың артта қалуы – мектептерде педагог кадр­лардың жетіспеушілігінен. Соңғы анықтаулар бойынша, қа­зіргі кезде облыс мектептеріне 460 педагог қажет. Әсіресе, орыс тілі мен ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне сұраныс барынша артқан. орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып, математика, физи­ка және химия пәндері мұға­лім­­деріне қажеттілік те қатты се­зі­­леді. Педагог жетіспеушілігін реттеудің түрлі жолдары қара­с­ты­­рылуда. Осы орайда, қазіргі кезде 500-ге жуық студенттің облыс әкі­мі грантымен жоғары білім алып отырғанын ескере отырып, алда­ғы кезде осылардың қатарына қо­сылатындардың басым бөлі­гін сұ­ранысқа ие педагог маман­дық­тарға бергенін көп көреміз. Әйт­песе, облыс бюджетінен бө­лін­ген қаражатқа білім алып жат­қан­­дардың арасында туризм, дизайн, қаржыгер, эколог сынды ма­­мандықтар бойынша білім алу­шы­лар жетерлік. Білім сапасына әсер ететін тағы бір мәселе – мектепішілік бақылаудың әлсіздігі. Басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесінде жиі кездесетін бірқа­тар олқылық анықталды. Кей­бір білім ошақтарының оқу-тәр­бие жұмысына толық саралау жа­сал­маған, мектепішілік бақылау бетімен кеткен. Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін қалып­тас­ты­руға мектеп басшысы тікелей ықпал етуі тиіс. Алайда мек­теп­ті талапқа сай басқаруды айт­­пағанда, педагогтерге кәсіби қол­дау көрсете алмайтын басшы­лар да кездеседі. Білім басқармасы басшы­сы­ның айтуынша, облыстағы мек­теп директорларының ішін­де зейнеткерлік жастағы 23 бас­шы бар. Сонымен бірге 100 ди­рек­тордың бір мектепте отырғанына он жылдан асқан. Осы деректерге қарап, бі­лім бөлімдері басшыларының кадр­лық резервпен мүлде жұмыс жүргізбейтініне көзің жете түседі. Бақылаусыздық пен жауапсыздық кесірінен жылдап бір орында отырғандықтан мектепті меншік кәсіпорнымен шатастырып қарамағындағыларға жалдамалы жұмысшы ретінде қарауды, дө­ре­келікті үйреншікті нәрсеге ай­налдырған басшылар же­тер­лік. Облыстық ата-аналар коми­тетінің төрайымы Дәния Қыдыр­баева айтқандай, кейбір мек­теп асханаларында та­мақ­­тың дәмсіздігі мен сапасыз­ды­ғына осындай жағдай себеп екені сөзсіз. Облыстық білім жә­не ғылым қызметкерлері кә­сіп­­одақ ұйы­мының төрағасы Садық Әбдіқадыров мектеп ди­рек­­­тор­ларының үстінен арыз-шағым­ның көптеп түсетінін, білім ошақтарында жемқорлық пен ақша жинау мәселесінің әлі де өзекті болып тұрғанына тоқталды. Алдағы кезде білім саласында кездесетін жоғарыдағыдай келең­сіз­діктерге тосқауыл қою үшін қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитетінің жұмысын жан­­дандыру қажеті де қозғалды. Облыс әкімінің орынбасары мем­лекет балалардың сапалы бі­лім алуына қажетті жағдайдың жа­сап жатқанын, алайда жер­гілікті жерлерде жүзеге асыруда кем­­шіліктер кездесетінін айтып, білім басқармасына, аудан, қа­ла әкімдеріне, білім бөлі­­мі­нің бас­шыларына нақты мін­дет­­тер жүктеді. Білім сапасын арт­ты­­ру, бүлдіршіндерді мектепке де­йінгі білім және тәрбиемен қамтуды бақылауда ұстау, инвесторларды тарту арқылы балабақшалар мен жекеменшік мектептер салуды, аула клубтарын көбейтуді, қосым­ша білім беруді қамтамасыз етуді, үйірмелер мен секциялар жұмы­сын жандандыруды тапсыр­ды. Бас­қарма басшысына кадр жетіспеушілігіне қатысты нақты шараларды жүзеге асырып, дирек­торлардың жауапкершілігін қатаң қадағалауды ескертті.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы