Бұған дейінгі қысқы Азия ойындарына дейін жүлделі оралған спортшыларымыз аз емес. Қазақ елінің атын асқақтатып жүрген батырларымыз кімдер? Шолу жасап көрейік.
Биыл Азия ойындары Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Додаға Қазақстан атынан 137 спортшы қатысады. Жарыс күнінің уақыты 7-14 ақпан аралығына жоспарланғанымен керлингтен жарыстар 3 ақпанда басталмақ. Құрамамыздың спортшылары сноубордты санамағанда, 10 спорт түрінен бақ сынайды. Жарысқа аттанатын спортшылардың да тізімі жарияланды. Олардың арасында бұрын Азия ойындарында өнер көрсеткен және жүлде иеленген көптеген танымал атлеттер бар.
Таяу шығыста бірнеше рет көзге түсіп жүрген спортшымыз Абзал Әжіғалиев осы жылы да өз бағын сынап көрмек. Шорт-трекшіміз Азия ойындарына осымен екінші мәрте қатысып отыр. Қазақстандық спортшы 2011 жылы өткен қысқы Азия ойындарында бақ сынаған. Ал 2017 жылы атлет жарақатына байланысты Саппородағы жарысты өткізіп алды.
– Соңғы рет мен Азия ойындарында 2011 жылы өнер көрсеттім. Сол кезде қола жүлдегер атандым. 2017 жылы жарақат алып, жарысты өткізіп алдым. Араға 14 жыл салып, бұл сайысқа қайта қатысу мүмкіндігіне ие болып отырмын. Міндетті түрде осы мүмкіндікті пайдаланамын. Азия үшін бұл жарыстар өте маңызды.
Кореялықтар мен қытай спортшылары Азия ойындарын, мысалы, Әлем кубогынан да жоғары қояды. Олар үшін бұл – басты жарыстардың бірі. Ал біз әр қашықтықта бәсекеге түсе аламыз. 500 метрде мүмкіндігіміз көбірек, өйткені құрамамызда мықты спринтерлер көп. Өз күшімізді көрсетеміз деп ойлаймын. Сонымен қатар Азия ойындарындағы шорт-трек жарысы – Олимпиада мен әлем чемпионатына тең деңгейдегі бәсеке. Әр бағдарламада бәсеке жоғары болады. Қарсыластарымыз әлем үздіктері болғанымен, біз барынша медаль үшін күресеміз, – дейді Абзал Әжіғалиев.
Жалпы, 2011 жылы шорт-тректен Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Фёдор Андреев жүлде үшін күрескен. Қазақстандықтар аралас эстафетада қола жүлде иеленген еді. Биылғы тізімде әйелдер арасында 2011 жылы өнер көрсеткен спортшы жоқ, алайда 2017 жылы жүлдегер атанған шорт-трекшілер баршылық. Соның ішінде Ольга Тихонова және Мадина Жанбусинова Саппорода өткен ойындарда аралас эстафетада қола жүлдеге ие болған. Ал ерлер арасында Мерсаид Жақсыбаев және Әділ Ғалиахметов жарысқа қатысқанымен жүлдеге қол жеткізе алмады.
Мәнерлеп сырғанауға келер болсақ, құрама толықтай өзгерді. 2017 және 2025 жылдардағы құрамды салыстыратын болсақ, ескі құрамда Денис Тен, Абзал Рахымғалиев, Айза Имамбек, Элизабет Тұрсынбаева өнер көрсетті. Биылғы жарысқа қатысушылардың қатарында Михаил Шайдоров, Диас Жиренбаев, София Фарафонова, Софья Самоделкина, Байсангур Датиев және Гаухар Наурызова бар.
Осы жылы шайбалы хоккейден дәмеміз зор. Себебі Қазақстан құрамасы Азиядағы үздік құрамалардың бірі ретінде көштің үстінде. Сарапшылардың ойынша фавориттер қатарына күмәнсіз кіріп тұр. Жалпы, Қазақстан ерлер құрамасы хоккейден 1996, 1999, 2011 және 2017 жылы өткен ойындарда жеңімпаз атанған. 2025 жылғы Азия ойындарына қатысушылардың ішінде Иван Степаненко, Дмитрий Гренц, Кириил Савицкий Саппорода өткен жарыстың алтын жігіттері. Сондай-ақ Роман Старченко, Евгенний Рымарев 2017 жылы тізімге енбесе де, 2011 жылы ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, алтын медальді мойнына таққан.
Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасының нәтижелері де көз тартарлық. 2003, 2007, 2011 жылдары алтыннан алқа тақса, 2017 жылы Жапонияда қола жүлдені қанағат тұтқан. Осы жылғы Азия ойындарына қоланы алтынға айырбастуға Арина Щёколова, Мадина Тұрсынова, Малика Алдабергенова, Пернеш Әшімова, Татьяна Королёва бара жатыр. Сондай-ақ Татьяна Королёва 2011 жылы Қазақстанда өткен мультиспорттық шарада алтынды жеңіп алғанын айта кеткеніміз жөн.
Биатлоннан ұлттық құраманың спортшылар тізімі біршама өзгеріске ұшырады. Дей тұрғанмен, ескінің көзі Ольга Полторанина – 2011 жылы өткен ойындарда эстафетада алтын медаль иеленген спортшы. Сондай-ақ Дарья Климина 2017 жылы Жапонияда өткен ойындарда ел намысын қорғап, жалпы есепте үш медальға қол жеткізген еді. 10 шақырым қашықтықта із кесу жарысынан және 12,5 шақырым қашықтықта масс-старттан қола жүлдеге ие болса, аралас эстафетада алтыннан алқа тағып мерейімізді үстем қылған еді. Ал керлингтен 2017 жылы Саппородағы ойынға Қазақстан құрамасының атынан Абылайхан Жүзбай қатысқан болатын. Ол биыл да өз бағын қайта сынап көрмек.
Шаңғы жарысынан бұрын 2017 жылы Жапонияда Дарья Ряжко және Ангелина Шурыга өнер көрсеткен болатұғын. Алайда медальға қол жеткізе алмады. Қазіргі құрамға Надежда Степашкина, Дарья Ряжко, Камила Елғазинова, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Мария Люфт, Ілияс Исабек, Наиль Башмаков, Ернар Нұрысбеков, Олжас Климин, Владислав Ковалев және Константин Борцов кірді.
Жоғарыда атап өткен саңлақтардың барлығы да 2025 жылға дейін жеңіс тұғырынан көріне білген әрі жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар. Биылғы Қазақстан құрамасының спортшылары да осал емес. Барлығы Әлем кубогының және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Қытайда бәсекелестік жоғары болары анық, алайда Қазақстан құрамасы барлық спорт түрінен медальға қол жеткізуге толықтай мүмкіндігі бар.
Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Қазақстан құрамасын 2025 жылғы IX қысқы Азия ойындарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Әлімжан Ақаев, 1998 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 1996 жылғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Людмила Прокашева, шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Мәдіғали Қарсыбеков, спорт ардагерлері, бапкерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Рәсім барысында хоккейші Әділ Бекетаев және шорт-трекші Ольга Тихонова Қазақстан құрамасының ту ұстаушылары болып, оларға салтанатты түрде Қазақстан Республикасының туы табысталды.
Әсет ҚАЛИ