«Әскери билет» күзетшілердің «көзірі»
«Әскери билет» күзетшілердің «көзірі»
348
оқылды
Жуырда Қорғаныс министрлігі азаматтарды әскерге шақыру үшін арнайы учаскелерге тіркеудің басталғанын хабарлады. Деректерге сүйенсек, биыл әскери тіркеуге 100 мың адам алынады екен. Ал Қарулы Күштер қатарында қызмет ету үшін осы азаматтардың үштен бірі таңдалады. Бірақ әскерге шақыру үшін тіркеудің өзге де қыры мен сыры бар. Қаңтарда басталатын тіркеу ісі нау­рыз айына дейін жалғасады. Одан соң көктемдегі әскерге шақыру кезеңі бас­талады. Биылғы жоспар бойынша нау­рыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында Қарулы Күштер қатарына 18-ден 27 жас аралығындағы 34 мың адам алынады. Ал әскерге шақыру учас­келеріне тіркелу 17 жастан басталмақ. Әдетте, әскери есепке қою мен әс­кер қатарына алудың арасында айыр­машылық болады. Егер тіркеуге 100 мың адам алынатын болса, олардың үштен бірі ғана міндетті әскери бо­рышын өтейді. Өзгелерінің ішінде биыл болмаса, келер жылы, тіпті одан кейінгі жылдарда әскерге баратындар, қысқа мерзімдік әскери оқу-жаттығу жиын­дарына қатысып, міндетінен құтыла­тындар, әскери кафедраларда оқып офицер болып кететіндер де болады. Сонымен қатар әскери тіркеуге тұру әлеуметтік лифттің алғашқы баспал­дағына айналатын кездері де болады. Өйткені біздің азаматтар «әскери би­лет» пен «приписнойдың» қадірін жұ­мыс іздеген кезде жақсы түсінетіні бар.  

Ел қорғауға кімдер жарамды?

Негізі, әскери қызметке шақыру үшін арнайы тіркеуге алу бірінші ке­зекте ел қорғауға жарайтын азаматтар­дың жай-күйін анықтау үшін қажет процедура. Бір сөзбен айтқанда, мемле­кет азаматтардың қаншасы әскери қызмет атқаруға, қаншасы қысылтаяң күн туса қару ұстауға жарайтынын анық­тау үшін керек. Әдетте, халықа­ра­лық зерттеу орталықтары әскерге жа­райтындардың есебін елдің қорғаныс қабілетін бағалауға қажетті мәліметтер қорына қосып қояды. Айталық Global Fıre Power зерттеу орталығы сондай деректерді басшылыққа алады. Осы ұйым Қазақстанның қорғаныс қабілетін 137 елдің ішінде 54 орында деп баға­лап­ты. Олар ұсынған деректерге қарасақ, бізде 259 мың 954 адам әскери қызмет атқаруға жарамды жаста деп көрсеткен. Демек қаңтарда басталған тіркеуге алу ісі ел қауіпсіздігі үшін маңызды шара болса керек. Мұны әскери тіркеуге алу­дың бірінші қыры деп қойыңыз. Сонымен қатар бұл процестің тағы бір қыры кешенді медициналық тексеру қызметін атқаратындығында. 17 жасқа толған бозбалаларды арнайы тіркеуге алған соң медкомиссия тексеруге мін­детті. Дәл осы кезде олардың әскерге жа­райтын-жарамайтыны анықталады. Бір сөзбен айтқанда, мұны бозбалаларды кешенді медициналық тексеруден өт­кі­зу деп те бағалауға болатын сияқты. Мұн­дай тіркеусіз бозбалалардың дәрі­герлерге өз еркімен барып, қарала қоюы екіталай екенін мойындауға мәж­бүрміз. Мәселен, былтыр әскерге ша­қырыл­ғандар арасында көздері нашар­лаған жастардың мол кездескені бай­қалған. Нұр-Сұлтан қаласы қорға­ныс істері жө­ніндегі департаментінің меди­цина­лық комиссиясы төрағасы Гүлнар Бү­тінбаева ең көп кездесетін кемшілік көздің нашарлауы екенін айтқанымен, бас қа­ладан көктемде шақырылған 5 154 аза­мат­тың 5,6 пайызы ғана әскери қыз­метке жарамсыз деп танылғанын тілге тиек еткені бар. Бұл дегеніңіз – жастар­дың денсаулығы түзеліп келе жатқанын байқатады. 2018 жылы «жарамсыз жастар» үлесі 11,8 болыпты. Әрине, бір қаланың үлесін тұтас елдегі жағдай деуге келмейді. Алайда медкомиссия ма­мандары жастардың денсаулығы тү­зеліп келе жатқанын айтады. Дегенмен май­табандардың орнын көзілдірік таға­тын­дар алмастырып кету қаупі де жоқ емес.  

Әскери қызмет – қосымша мүмкіндік

Қазақстанда жастардың 40 пайы­зының жұмысқа тұра алмай қиналатын кездері жиі болады. Әлеуметтанушы­лардың зерттеуі былтыр осындай де­ректі анықтаған. Ал еліміздегі 61 уни­вер­ситет түлектерінің 50 пайызын ма­мандығы бойынша жұмысқа орналас­тыра алмайды. Міне, жағдай осылай қалыптасып тұрған кезде әскери билет пен «приписной» жұмысқа орналасуға септігін тигізетін тиімді құралға айна­лып отыр. Мәселен, көптеген мекемеде ер азамат жұмысқа орналасқысы келсе, әскери міндеттілігі туралы құжатты немесе әскери билетті сұрайды. Армия қатарында болмағандар арнайы тір­кеуде тұрғанын дәлелдейтін құжат ұсын­са, бірқатары әскери билет көрсе­тіп жатады. Алайда Еңбек кодексіне сәй­кес мұндай құжатты сұрату-сұратпау жұмыс берушінің таңдауына қалғаны­на да бірнеше жыл болған. Бірақ «әс­кери билеттің» санадағы ізі өшкен жоқ. Содан да шығар, әскери билетті жұ­мысқа орналасуға ықпал ететін құжат ретінде пайдаланатындар аз емес. Әсіресе, күзет қызметіне бұл құжат ауадай қажет. Ал былтыр жазда елімізде 219,7 мың күзетші бар екені анықталған. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының зерттеуіне қарағанда, былтыр алғашқы жартыжыл­дықта еңбек нарығында тіпті 4,4 мың күзетші жетіспепті. Демек бұл құжат күзетшілердің «көзірі» болып тұр. Жалпы армияның көптеген жастар үшін қоғамнан өз орнын табуына мүм­кіндік беретін баспалдақ екені жасырын емес. Әскери міндетін өтеп келген жі­гіт­тердің алдында бірнеше таңдау тұ­рады. Бірінші таңдау – құқық қорғау органдары мен құтқарушылар, өрт сөндірушілер сапында жұмыс істеу. Екінші – күзетшілер қатарын толтық­тыру. Үшінші – келісімшарт арқылы Қарулы Күштер қатарында қалу. Үшеуі де азаматтардың тұрақты жұмыс тауып, бірте-бірте әлеуметтік жағдайларын түзеп алуына мүмкіндік береді. Біздің сөз басында әскери қызметті әлеуметтік лифтіге теңегеніміз содан. Өйткені Қа­рулы Күштер қатарында келісімшартпен жұмыс істейтін сарбаздар мен офи­цер­лер саны барлық әскеріміздің 78 пайы­зын құрайды. Егер Қазақстан Қарулы Күштерінде шамамен 110 мыңдай адам бар екенін ескерсек, онда армия 85 мың­нан астам адамға тұрақты жұмыс та­уып беріп отыр деген сөз. Әрі келісім­шарт арқылы әскери қызметте қалу біраз азаматтардың баспана мәселесін де шешіп бергені бар. Әлі де бұл үрдіс жалғаса берері сөзсіз. Былтырға дейін елімізде 20 мың әскери қызметші бас­па­намен қамтамасыз етілген. 2018 жы­лы басталған «Әскери баспана» бағ­дар­ламасының өзі 974 әскери қызметшіні баспаналы етуге септігін тигізіпті. Демек, «әскери есепке алу» шарасының астарында талай дүние жатыр. Ол – Отан қорғаудан бастап, азаматтардың қоғамнан өз орнын табуына дейінгі түрлі қызметтер атқарып тұр.  

Урбанизацияға ықпал етеді десек, сенер ме едіңіз?

Қазақстан Қарулы Күштерінде мін­детті борыш өтеп келгендердің біразы қалаларға оралып жатыр. Өйткені сөз басында айтқан күзетші, құтқарушы немесе өрт сөндіруші, полиция қызмет­кері болу мүмкіндігі ауылдарда емес, қалаларда бар. Сондықтан әскери билет пен әскерге шақыруға тіркеудің урбани­зацияға да әсер ететін тұстары кездеседі. Оның үстіне, қалалықтардың оқу мен жұмыстан қол тимейтін кездері болады да, олар қысқамерзімдік ақылы әскери қызмет атқаратыны бар. Сөйтіп, 270 мыңға жуық теңге төлеп әлгі оқуға қа­ты­сып, әскери билет алады. Ал ауыл­дықтарда мұндай мүмкіндік сирек. Сон­­дық­тан әскери міндетін өтегендер қалаларға ағылады. Сарапшы Рустам Бурнашев «Ақылы негізде әскери оқу-жаттығуға қатысып, міндетті әскери бо­рышты өтеуден босатылу жүйесі ел­дің қорғаныс қабілетін арттырмайды, ке­рі­сінше соғыс жағдайы туа қалса, ша­қы­рылатын запастағы әскерлердің сапасын төмендетеді. Елдің мобилиза­ция­лық қуатына кері әсер етуі мүмкін», – деген еді. Әрине, қысқа мерзімде әскери даярлықтан өткендер сапалы жауынгер бола алмасы анық. Бірақ біздің әңгіме «әскери билет» төңірегінде болғандық­тан, армияның сапасы мен елдің қор­ғаныс қабілеті жайлы сөз басқа. Демек, қаңтарда басталған әскерге шақыру үшін арнайы есепке алудың елдегі көші-қон мен еңбек нарығына алдағы уақытта әсер ету мүмкіндігі ерекше деген сөз. Бәлкім, әскерге шақыру қағазы бозба­ланың санасында түбегейлі өзгеріс жа­сайтындықтан да болар, армия қата­рына алынбағанның өзінде азаматтар екі қолға бір күрек іздеуге кіріседі. Ал сол жұмыстың қалалардан ғана табылуы мүмкін екенін амалсыз мойындаймыз.    width=Амангелді ҚҰРМЕТ