«Саналы анадан саналы бала туады» – психолог Ару Сағи

«Саналы анадан саналы бала туады» – психолог Ару Сағи
Балаларды дұрыс тәрбиелеуге бағытталған «Тұлға дайындау – оп-оңай» кітабының авторы, аналарға арналған үздік онлайн-платформа авторы, 10 жасқа дейінгі балалар психологі ретінде көпбалалы ана Ару Сағи нәзік жандылардың қоғамда алатын рөлі, ана мен бала қарым-қатынасы, отбасы құндылықтары жайлы сөз қозғады.

Оның айтуынша, әйел затының басым көпшілігі әрдайым мінсіз жанұяны армандап, сол жолда өзінің құрбанға айналғанын байқамай жатады. Ол қазақ әйелдеріне, қазақ жанұясына қатысты қасаң стереотиптерді бұзып, саналы ұрпақ дайындау үшін әуелі саналы ана қажет дейді.

Әр адам өз қателігінен сабақ алады. Бесінші баламды өмірге әкелгенмен бірден  саналы ана болып кеттім демеймін. Бүгінгі дүниетанымыма жету үшін мен түрлі жолдан өттім, сүріндім, іздендім. Әсіресе, бала тәрбиесіне қатысты кеңінен ізденуге өзімнің үлкен  қызыммен арада болған оқиға әсер етті. Бірде ол үйге жылап кірді. Құлап қалған екен. Өзім сыртқа асығыс шығып бара жатыр ем, қызымның осылай кіріп келгені одан сайын ашуландырды. Сөйттім де, оған айғайлап, далаға атып шығып кеттім. Сол кезде мен өзімді ең нашар ана сезіндім. Қызым жылап тұрғанда, дәл  осылай «бас салғанымды» кешіре алмадым. Үйге қайта кіріп, қызыммен сөйлесіп, оған бар мейірімімді төгіп, киімін бүлдіріп алғанда тұрған ештеңе жоқ екенін айтқан соң, жеңілдедім. Былай қарасаң, әдеттегі отбасылық жағдай сияқты. Бірақ осы бір оқиғадан соң менің көзқарасым түбегейлі өзгерді. Ана болу табиғи құбылыс қана емес, үлкен дайындықты талап ететіннін түсіндім, дейді ол.

Әрбір қазақ әйелі секілді, Ару да декрет пен жұмысты қатар алып жүріп, келіндік және аналық міндетін барынша абыроймен атқаруға тырысқан. Елімізде ондай қыз-келіншектер өте көп. Ең бастысы – ол әрбір қазақ отбасы бала тәрбиесінің маңызына  атүсті қарамайтыны біледі. Десе де, күнделікті күйбең тіршілікпен ата-ана мен баланың қарым-қатынасы сырт қалып жататыны құпия емес.

Мектеп пен Универ жақсы жар, ана болуды үйретпейді. Бақытты бала тәрбиелеудің дайын формуласы бар. Ол мейірім мен тәртіптің нақты мөлшерін білу. Байланысты көркем қарым-қатынасқа айналдырып, проблеманы шешетін жер. Ғылыми ақпарат пен шариғат аясындағы білім, қарапайым әйелге жетік түсіндірілу керек. Ешбір әйел мінсіз болуға міндетті емес. Адам  болған соң «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» болмайды. Бірақ көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан қызылды-жасылды қоғамда біз бала тәрбиесі, отбасы құндылығы деген нәрселерді еш ұмытпауымыз керек. Оқудан, ізденуден, қателігімізді түзетуге ұмтылудан ұялмағанымыз жөн. Себебі, саналы анадан саналы бала туады. Мәселен, қазақ қоғамында баланың  жыныстық сауаты жайлы ашығын айту – әлі күнге дейін жабық тақырыптың бірі. «Ауруын жасырған өледі» дегендей осындай жабықтықтан біз әлі зардабын тартып келеміз. Сондықтан әлеуметтік бастамалар мен білім беру бағдарламалары арқылы әйелдер қоғам өміріне белсенді араласып, өз елі мен отбасының дамуына зор үлес қосуы әбден мүмкін, – дейді сарапшы.