Quartz сайтында жарияланған хабарламаға сүйенген Aikyn.kz технологиялық алпауыттың биылғы жоспарларын талдайды.
Meta компаниясының бас директоры Марк Цукерберг бейсенбі күні (30 қаңтар) компаниядағы сұрақ-жауап сессиясында қызметкерлерге «бұл жыл ессіз жыл болады» деген. New York Times газетінің хабарлауынша, Цукерберг бір сағатқа созылған кездесуде 70 000-нан астам қызметкермен сөйлескен. Ол Meta-ның 2025 жылға арналған стратегиялық басымдықтары, соның ішінде жасанды интеллект, деректер орталығына инвестиция салу мен метаверс туралы бағдар берген.
Кездесу Meta өткен жылдың төртінші тоқсанындағы күшті табысы туралы хабарлағаннан кейін бір күн өткен соң болды. Компания кірісі 2023 жылдың 4-тоқсанымен салыстырғанда 21%-ға өсіп, 48,4 миллиард долларға жеткен. Цукерберг сонымен қатар компаниядағы соңғы өзгерістердің себебін түсіндіруге де уақыт бөлген. Әлеуметтік желілердегі саяси мәселелер мен көзқарастарға шектеулерді алып тастау, Meta фактчекинг бағдарламасын кезең-кезеңімен тоқтату және президент Дональд Трамп әкімшілігімен тығыз байланыста болу сұрақтары бойынша компанияның жаңа стратегиясымен таныстырған.
«Мен мынаны ашық мәлімдегім келеді: күрделі болған соңғы бірнеше жылдан кейін бізде Америка Құрама Штаттарының үкіметімен өнімді серіктестік құруға жақсы мүмкіндік ашылды», – дейді Цукерберг.
Meta-ның бас директоры жаңа президенттің әкімшілігінің саясаты мен талаптарына сай болғысы келіп, өз стратегиясына өзгерістер енгізетін жалғыз компания болмайтынын айтты.
«Біз бір топ адамдар тобына екіншісінен артықшылық беретін кез келген саясатты заңсыз деп танитын өте жылдам өзгеріп жатқан саясат пен реттеу ландшафтының ортасындамыз. Осыған байланысты біз және барлық басқа институттар бейімделуге мәжбүр болады», – дейді Цукерберг, әрбір мемлекет сөз бостандығы деген ұғымды өзінің мүддесіне сай қолданатынын мойындап.
Компания келесі айда 3 600 тиімсіз жұмыс орындарын қысқарту жоспарын бірнеше апта бұрын жариялады. Meta-ның Workplace ішкі форумында жарияланған қызметкерлерге арналған жазбасында Цукерберг өнімділіктің өсіру үшін тиімділік деңгейін көтеруге шешім қабылдағанын жариялады. Сондай-ақ жадынамада компания үшін «қарқынды жыл» болатыны айтылған.
«Meta әлемдегі ең маңызды технологияларды – ЖИ, келесі есептеу платформасы ретінде көзілдірік және әлеуметтік медианың болашағын құру үшін жұмыс істейді. Бұл даму қарқыны жоғары жыл болады және мен біздің командамыз ең мықты адамдардан құралғанын көргім келеді», – делінген Марк Цукербергтің қызметкерлерге таратылған үндеуінде.
Дегенмен кейбір қызметкерлер бейсенбіде (30 қаңтар) өткен кездесуде Цукербергке Meta компаниясының деректер орталықтарына салынып жатқан инвестициясының тиімсіздігі туралы қарсы пікірлер айтқан. Өйткені озық ЖИ үлгісін жасаған қытайлық DeepSeek стартапының пайда болуы миллиардтаған долларды үнемдеуге болатынын көрсетіп, америкалық нарықта үлкен дүрбелең туғызды.
DeepSeek жасаған арзан әрі тиімді ЖИ үлгісі басқалардан қалай асып түскенін анықтау үшін Meta компаниясы өзінің инженерлерін «соғыс бөлмесіне» шұғыл кеңеске шақырғаны туралы Aikyn.kz «Американың технологиялық алпауыттары қытайлық шағын зертханадан қорқып, инженерлерін «соғыс бөлмесіне» жинай бастады» деген талдау материал жариялады.
Марк Цукерберг қызметкерлердің сауалына DeepSeek технологиялық жетістіктері қазірдің өзінде Meta AI үлгілерін жақсартуға көмектесті және компанияның бастапқы ЖИ ашық стратегиясымен үндеседі деп жауап берген. Ол сондай-ақ деректер орталығының шығындары компания үшін бәсекелестік ортада мол артықшылықтар беретінін айтқан.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.