Такси қызметін кім қадағалағаны дұрыс?

Форум аясында автопаркті жаңарту, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту және қоғамдық көлікті дамыту мәселесі талқыланды.

Астанада «Қалалық мобильділікті Қазақстанда дамыту» форумы өтті. Шарада көлік пен қала инфрақұрылымын дамыту секілді өзекті мәселелер қаралды. Сарапшылар, әсіресе, такси қызметін дамытуды, микромобильді көліктерді реттеуді және қоғамдық көлік тасымалын бір жолға қоюды талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Осылайша, бір алаңда көлік саласындағы жетекші сарапшылар, Мәжіліс депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері жиналды. 

Форумға қатысушылар электр скутерлерді, велосипедтерді және басқа да жеке қозғалыс құралдардың құқықтық реттеу және дамыту мәселесін талқылады. Автокөлікпен жолаушылар тасымалдау саласындағы мемлекеттік функциялардың бір бөлігін өзін-өзі реттеуге беру туралы жаңа заңды талқылады. 

Сарапшылар мен депутаттар көп жағдайда негізгі мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттейтін бірлестіктерге беру монополияға жол ашады деген пікір айтты.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев: «Бұл мәселе жекелеген компаниялардың болмаса такси жүргізушілерінің мүддесі емес, бұл – қарапайым халықтың мүддесі. Өйткені Өзін-өзі басқару ұйымы (СРО-ред.) болды. Бұған әрбір жолаушы тасымалдайтын азамат арнайы жарна төлесін деген талап болды. Алғашында министрлік өкілдері әрбір такси жүргізушісі 1200 теңгеден төлесін деді. Одан кейін 900 теңге деп айтылды. Ең соңында амалы таусылған министрлік өкілдері мұны 100 теңгеге түсірсек болады дейді. Бірақ біз неге тариф саясаты мен қауіпсіздікті жеке компанияға беруіміз керек? Бұл мемлекеттік орган өзінің тікелей функцияларынан бас тартып жатыр деген сөз», – деді. 

Сондай-ақ, форум аясында автопаркті жаңарту, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту және қоғамдық көлікті дамыту мәселесі талқыланды.