Оған дүниенің түкпір-түкпірінен келген құрметті қонақтар, Түркияның белгілі театр саңлақтары қатысты. Театр өнеріне қатысты әр аталым бойынша жеңімпаздар анықталып, жүлделер тапсырылды. Осы халықаралық мәртебелі байқаудың Әділқазылар алқасының шешімімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Думан Рамазанға «Түркі әлемінің ең үздік драматургі» атағы берілді.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев сөзінде бұл мәртебелі атақтың Думан Рамазанға берілгенінің себебін түсіндірді.
– Думан Рамазанның драмаларымен бұрыннан таныспын. Ол – драманың қыр-сырын жетік білетін, ой-орамын тереңдеткен мықты драматург. Тарихи тақырыпты да, заманауи тақырыпты да әбден зерттеп-біліп жазады. Ішкі қарама-қайшылық пен эпикалық шиеленісті ерекше бір жүйелі стильде баяндайтын айқын артықшылығы бар. Думан – қазақ драматургиясындағы ерек көрініс, эстетикалық құбылыс, жаңа белес. Оның соңғы жылдары ұлттық сахнада жасаған тарихи полотнолары бүгінгі театрдың биігіне сайма-сай. «Керей – Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Жошы хан» және басқа да тарихи драмаларында ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге деген тарихи көзқарасты қапысыз бейнелеген. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы ұлттық драма театрының сахнасында қойылған «Жошы хан» тарихи драмасы қазақ мәдениетіндегі жаңа кезеңнің басталғанын паш етеді, – деп жоғары баға берді С.Раев.
Салтанатты жиында драматургке беделді дәрежені халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, әйгілі жазушы-драматург Сұлтан Раев және «Театр» еларалық басылымының бас редакторы, атақты театр сыншысы Нұрхан Услу тапсырды.
Әсемай РИНАТҚЫЗЫ