Былтыр қай сала мамандарының табысы өсті?

Былтыр қай сала мамандарының табысы өсті?
2024 жылдың IV тоқсанында еліміздегі орташа айлық атаулы жалақы 434 982 теңге болды.

Жалақы көрсеткіші 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға жоғары, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сенсек, нақты мәнде өсім 1,8% болды. Жалақының медианалық мәні осы кезеңде – 308 717 теңге. 

Орташа жалақының өсуі жыл соңында берілетін қосымша төлемдер мен мерекелік сыйақылар есебінен еңбекақы қорының ұлғаюымен байланысты. 

Салалар бойынша орташа айлық жалақының ең жоғары өсімі келесі бағыттарда байқалды:

  • Ақпарат және байланыс – 32,8%-ға;
  • Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 22,7%-ға;
  • Жылжымайтын мүлікпен операциялар – 20,3%-ға.

Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында жалақы 7,6%-ға, білім беру саласында 5%-ға өсті. 

Өңірлер бойынша орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі келесі аймақтарда тіркелді:

  • Алматы және Шымкент қалалары –13,6%-ға;
  • Қарағанды облысы – 13,2%-ға;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 12,9%-ға;
  • Ақтөбе облысы – 12,6%-ға.

2024 жылдың IV тоқсанында өңірлер арасындағы орташа айлық атаулы жалақының ең жоғары және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2,1 есені құрады.