342 бала мемлекет қамқорлығына алынды

Бас прокурор Берік Асылов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында прокуратура қабылдап жатқан кешенді шаралар туралы айтты.

«Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында прокурорлар балаларға қатысты қауіп немесе зорлық-зомбылық фактілерін анықтау үшін 63 мыңнан астам отбасына барды.

– Қамқоршыларға, асырап алушыларға, ата-аналарға және басқа да тұлғаларға қатысты 93 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 11 мың ата-ана мен заңды өкілдер бала тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар аса ауыр жағдайға тап болған 342 бала қолайсыз отбасылардан мемлекет қамқорлығына алынды, – деді Берік Асылов.

Ал URPAQ жобасы отбасылардағы жасырын зорлық-зомбылық түрлерін анықтауға бағытталған. Ол зардап шеккендерге психологиялық және заңдық қолдау көрсету бойынша кешенді көмекті қамтиды.

Қысқа уақыт ішінде оқушылар мен мұғалімдер тарапынан болған бұзақылық пен буллинг туралы 1 809 хабарлама түсті. Тексеру нәтижелері бойынша 192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды;  1 617 адаммен профилактикалық әңгімелер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.