«AMANAT»: халықтың шағымы бойынша аурухана жөнделді

Партиялық бақылау комиссиясының өкілдері құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда аурухананың бірнеше бөлімінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің өкілдері №1 қалалық аурухананың жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аурухана өкілдерімен болған кездесуге «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов, партияның облыстық филиалы жанындағы бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Алла Лоскутова, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі төрағасының орынбасары  Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы Александр Светаш, білім және денсаулық сақтау жөніндегі кеңес төрағасы Зарина Камасова қатысты.

«Ауруханада жоспарлы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатса да, жұмыс кестеге сәйкес орындалуда, емделушілерге қызмет көрсету бір сәтке де тоқтатылған жоқ. Аурухананы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Тұрғындар бұл жағдайға түсіністікпен қараса екен дейміз. Ауруына шипа іздеп келген әр азаматқа барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қызмет көрсететін боламыз», – деді аурухананың бас дәрігері Шолпан Макашева.

Партиялық бақылау комиссиясының өкілдері құрылыс жұмыстарының барысымен де танысты. Қазіргі таңда аурухананың бірнеше бөлімінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мекеме өкілдерінің айтуынша, келесі жылдың бірінші жартыжылдығында жөндеу жұмыстары толық аяқталады.

«№1 қалалық аурухананың гинекология бөлімінде ем алушылар жататын орынның суықтығына және ем алу жағдайының қолайсыздығына байланысты шағым түсірген болатын. Біз мәселені өз көзімізбен көріп, танысу үшін ауруханаға келдік. Иә, мәселе бар. Осындай қолайсыз жағдайдың туындауына негізгі себеп – жөндеу жұмыстарының, ауруханада емделушілерге қызмет көрсетумен, қатар жүргізілуінде», – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген.

Кездесу қорытындысы бойынша, аурухана басшылығы гинекология бөлімінің рекреациясында орналастырылған күндізгі кезеңде ем алушыларды арнайы жабдықталған жатын бөлмесіне көшіру туралы шешім қабылдады.

Азаматтар тарапынан көтерілген кез келген мәселе назардан тыс қалмайды. Халықтың денсаулығын жақсарту – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.