«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі басталды

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі басталды
Астанада Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында алғашқы ауқымды «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтуде. Фестивальдің бірінші күнінде-ақ оған 200-ден астам жұмысшы мамандықтарының өкі­лі қатысып, 10 мыңға жуық адам тамашалады.

Фестивальге келушілер техникалық білім беру саласындағы жаңа технологиялармен, оқу бағдарламаларымен танысып, отандық колледждер ұсынатын жаңа және сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды, сондай-ақ әлеуетті жұмыс берушілермен кездесті. Әсіресе, жоғары сынып оқушылары ерекше қызығушылық танытып, көрмені аралады, жұмысшы мамандықтары бойынша мансаптық перспективаларды талқылады.

Фестиваль кәсіби білім беру жүйесі мен бизнес арасындағы ынты­мақтастықтың көрінісіне айналды. Өндірістік көрмелер экономика үшін стратегиялық маңызы бар 15 бағытты қамтиды: машина жасау, ақпараттық технологиялар, құрылыс, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, көлік және ел экономикасының болашағын айқындайтын басқа да салалар.

Мұндағы әрбір көрме нарық талаптарына бейімделген жаңа техно­логиялар, жабдықтар және білім беру бағдарламалары бойынша жетекші кәсіпорындар мен кәсіптік білім беру ұйымдарымен ұсынылды.

Ә.САМАТҰЛЫ