«84 жастағы қарияны ұрып-соққан»: Павлодар облысындағы пансионатта адам шошырлық жағдай анықталды

Тергеу барысы прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Павлодар облысы Ақсу қаласының прокуратурасы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын пансионаттардың бірінде қарттарға қатыгездік көрсету фактілерін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мекемеде түсірілген бейнежазбаларды қарау барысында адам шошырлық фактілер анықталған. Пансионат қызметкерлері екі дәрменсіз қартты ұзақ уақыттан бері қорлап, зорлық-зомбылық көрсеткен.

Жәбірленушілердің бірінің жасы – 84-те.

«Оларды үнемі ұрып-соғып, қолдарын бұрап, қыстың суығында сырт киімсіз аулада ұстаған. Осы факті бойынша Ақсу қаласының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің  110-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта барлық күдікті анықталған. Тергеу барысы прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.