ҚХР елшісімен кездесті

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинмен кездесті.

Әңгімелесу барысында Мәжіліс Спикері Хан Чуньлинді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, бұл екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамуы кезеңіне сәйкес келгенін атап өтті.

– Қытай – біздің ең жақын көршіміз. Екіжақты қарым-қатына­сымыз жаңа «алтын отыз жылдықтың» кезеңіне еніп, мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухында ны­ғайып келеді. Бұл, ең алдымен, елдері­міздің көшбасшыларының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен Төраға Си Цзиньпиннің тұрақты жеке кез­десу­лері Қазақстан-Қытай ынтымақ­тас­тығын жаңа деңгейге шығарды, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Спикері мемлекет бас­шылары қол жеткізген барлық уағда­ластықты іске асыру үшін парла­ментаралық байланыстарды дамытуға дайын екенін айтты.

Ерлан Қошанов сондай-ақ дипломатты Мемлекет басшысының жетекшілігімен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды эко­номикалық және саяси реформалар туралы хабардар етті. Мәселен, халық­тың бейбіт атомды сенімді әрі эко­логиялық таза энергия көзі ретінде дамыту туралы шешімі жайлы айтып, бұл қадам алдағы уақытта ғылымның, техниканың және өндірістің өркен­деуіне бастайтынына назар аударды. Сондай-ақ өндіріс саласын кеңейту, банк секторын нығайту және инвес­тиция тарту  бойынша жоспарлар да сөз болды.

Өз кезегінде, Хан Чуньлин Қазақ­стан мен Қытай көшбасшылары сая­сатының ортақ тұстары барын және халықаралық күн тәртібінен эко­номикалық дамуға дейінгі мәсе­лелер бойынша ұқсас құндылықтарды қамтитынын атап өтті. Елші Қазақстан ҚХР үшін Орталық Азиядағы аса маңызды сауда және инвестициялық әріптес екеніне тоқталды. Ол сондай-ақ партияаралық байланысты ны­ғайтуға мән берді.

Тараптар энергетика, жасанды интеллект, цифрлық экономика, білім беру және туризм сияқты бағыттардағы ынтымақтастықты тереңдету жайын да талқылады.

Мейір ЖАСЫН