Денсаулыққа қатысты заң жобасын қарайды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттардың талқылауына Кипр Республикасымен сотталған адамдарды беру туралы келісімді, сондай-ақ қылмыс­тық жолмен алынған кірістерді заңдас­тыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісім және ұйымның бюд­жетін қалыптастыру мен атқару тәртібі туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы рати­фикациялық заң жобаларын қарау ұсы­нылады. 

Екінші оқылымда депутаттар ден­саулық сақтау саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін бол­ғызбау мәселелері бойынша заң жобасын қарайды. Заң жобасымен жұмыс бары­сында депу­таттар жекелеген нормаларды пысықтады. Атап айтқанда, есту қабілеті бұзылған және мүгедектігі жоқ адамдарды жергілікті бюд­жеттер есебінен есту протезімен қамтамасыз ету, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізбесіне онко­логиялық ауруларды ерте анықтауға скринингтік зерттеулерді енгізу ұсынылды.

Сонымен қатар бас бостандығынан айыруға немесе шартты түрде бас бостан­дығынан айыруға байланысты емес жаза­ға сотталған адамдардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салуға бағытталған тү­зетулер енгізіледі.

Сондай-ақ спорттық іс-шараларды өткізу кезінде спорт ғимараттарының ішінде орналасқан жарнаманы қоспа­ғанда, ғимараттар мен құрылыстарда орналас­тырылған букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына тыйым салуға қатысты нормалар, бук­мекерлік кеңселер мен ерекше спорттық бағыттағы БАҚ-тың интернет-ресурс­тарындағы жарнаманы қоспағанда, он­лайн-плат­формаларда басқа да БАҚ-та және ұялы байланыстың абоненттік құ­рылғыларына орналастырылған жар­намаға тыйым салуға бағытталған түзе­тулерді енгізді.

Күн тәртібінің жобасында Мәжіліске ке­ліп түскен жаңа заң жобалары мен Сенаттың Бюджет кодексіне енгізген тү­зетулері де бар.

Әсет ҚАЛИ