Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан» экологиялық маңызды жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Басты мақсаты – еліміздің экологиялық мәдениетін дәріптеу, тазалықты жалпыұлттық деңгейде дәстүрге айналдыру. Басым жауапкершілікті талап ететін акцияға барша қазақстандық жұмыла атсалысты.
«...Жыл бойы жүргізілген акцияға 2,4 миллион адам қатысты. Жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Шамамен 2,5 миллион көшет отырғызылды. 20 мыңнан аса әлеуметтік нысанның аумағы, 4,6 мыңнан аса қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды. 5 мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді. Өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден аса аумақ, 8,4 миллион метрден аса арық тазартылды», – деп жазды Президент кеңесшісі, баспасөз хатшысы Берік Уәли «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында.
Экологиялық мәселені кеңірек насихаттаудың бірнеше жолын ұсынуды жөн санаймын. Біріншіден, білім беру жүйесінде экологиялық тәрбие керек. Ерте жастан бастап экология ұғымын санаға енгізу шарт. Мәселен, оқушыларды табиғатқа шығарып, қоқыстың зиянын түсіндіріп, қоршаған ортаға жанашырлықты қалыптастыруға болады. Екіншіден, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы тығыз ынтымақтастық та маңызды. Бизнестің экологиялық жауапкершілігін арттыру, олардың таза технологияларға көшуіне жағдай жасау қажет-ақ. Сондай-ақ экологиялық таза өнімдерді тұтынуды ынталандыру экономиканың тұрақты дамуына әсер етері сөзсіз. Үшінші маңызды бөлік – қоғамдық ұйымдар мен еріктілер қозғалысының рөлі. Олар халықты түрлі шараларға қатысуға шақыра алады. Әсіресе, жастар арасында экологиялық акцияларды өткізу арқылы оларға табиғатқа деген қамқорлық сезімін оятуға болады. Төртіншіден, қалдықтарды қайта өңдеу мен саналы тұтынуды ұмыт қалдырмаған абзал. Елімізде соңғы жылдары пластик пен қоқысты өңдеу мәселесі өзекті. Экологиялық мәдениетті дамыту үшін адамдарды заттарды қайта пайдалануға және қайта өңдеуге үйрету керек. Бесіншіден, экология мәселесін адамдар түсіндіруде БАҚ қызметі де айрықша. Телевизия, радио, әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насихат жұмыстары қоғамға кең ауқыммен таралады.
Таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі. Әр адам өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарап, табиғатқа деген қамқорлықты өзінен бастаса, онда экологиялық проблемаларды да едәуір азайтуға болары сөзсіз.
Ақжан АКИМОВА,
№17 мектептің 11-сынып оқушысы,
Астана қаласы