Бастама көтерген жақсы. Қолдау тапса, тіпті керемет. Ал қоғам болып жұмылып, түбіне дейін жетсе – игі іс. Челлендж – осындай нәтижеге бастар жол. Елімізде осыған дейін түрлі челлендж басталып, үндеу жасалды. Соның бірсыпырасын талдап көрейік. Жалпы, челлендж сөзі қиын тапсырма, шақыру деген мағына береді. Америка зерттеушілері челленджді бастаушы мен қостаушының байланысы деп түсіндіреді. Өйткені алғашқысы қиын тапсырма жасап, шартын бекітеді. Ал оның таралуы, танымал болуы – қолдаушының қолында. Сонымен Қазақстанда соңғы 2 жылда қолдаушысын тапқан бастамалардың ақыры немен аяқталды?
Бізде челлендж жасағанбыз
2018 жылы шымкенттіктер музыкалық челлендж бастады. Аяз кезінде тоңбау үшін әуен ырғағымен билеген видео желіде кең тарады. Бұл бастаманы, әсіресе солтүстік өңірде тұратын жұрт қолдады. Флешмобты өнер жұлдыздары, журналистер мен мемлекеттік қызметкерлер жалғастырды. Нәтижесінде, сол қыста билеп жылынғандар көп болды деп ойлаймыз. Ал челлендж ғұмырына келсек, әдеттегідей қысқа.Сондай-ақ Елбасы «Сенің жаңа қырың» атауымен бастама көтерді. Шарт бойынша белгілі бір спорт түрімен үш апта бойы айналысасыз. Саламатты өмір салтын насихаттайтын челленджді алғашқылардың бірі болып Арыстанбек Мұхамедиұлы орындады. Экс-Мәдениет және спорт министрі тіпті байқау жариялап, жүлдегерге 500 мың теңге берді. Үндеудің арқасында спортпен айналысатындардың қатары көбейді. Қазақстандықтар 3 апта болса да денесіндегі құрыс-тұрысты жазып алды. Сонымен, нәтижесі қандай? Арыстанбек Мұхамедиұлы үндеуінде Елбасы Жолдауының аясында 2020 жылға дейін халықтың 30%-ы денешынықтырумен және спортпен айналысуы керегін жазды. Статистикалық мәліметтерді шолғанымызбен, спортпен уақытылы айналысатын ел тұрғындары жайлы нақты көрсеткішті таппадық. Есесіне, челлендждің желідегі ғұмырын анықтадық. Kogershin атты желі қолданушысы күнделікті видео жүктегендердің соңғысы. Ол аталған хештегпен 2019 жылдың 1 қыркүйегінде жазба жариялаған.Аталған жылдың аяғына таман елімізде эпостық жырларымызды жаңғыртып, ұлттық рухты көтеру мақсатында «Тұлпар мініп, ту алған» челленджі бастау алды. Желіде «Алпамыс» жырын оқығандар көбейді. Бастаманы алғашқы болып, ақын Серік Сейтман көтерген. Артынша Бекжан Тұрыс қолдап, ел ағалары мен белгілі тұлғалар жалғастырды. Бұл челленджді мақтағандар да, даттағандар да болды. «Өткенімізді ұлықтап, ертеңімізге бағдар беріп жатыр» немесе «суфлердан қарап бәрі оқи алады. Тым болмаса жаттауға болады ғой» дейтіндер де табылды. «Тұлпар мініп, ту алған» үндеуінің мақсаты – бәйгенің беташарын жасау еді. Дегеніне жетті де. Республикалық байқауға жолдама алу үшін мектеп оқушылары аудандық, облыстық кезеңнен абыроймен өтуге тырысты. Ал танымал тұлғалардың арасындағы челлендж әлі күнге жалғасып келеді. Жыр оқыған видеоны соңғы болып желіге Сағаділдә Үсібәлі жүктеген екен. Жырсүйерлер көнені жанғыртып жатса, Тұрсынбек Қабатов ескі челленджді қайта «өңдеген». Себебі 2018 жылы шымкенттіктер «Көшені қардан бірге тазартайық» акциясын ұйымдастырған. Оған дем берген – сабақтан кейін анасына ауланың қарын тазалауға көмектескен баланың Instagram-дағы видеосы. Артынша өзге де парақшада үндеу тасталып, барша Қазақстан қар тазалауға кірісті. Арада 2 жыл өткенде Қабатов «шымкентше вариант» жасап, «Біз біргеміз» челленджін бастады. Не десек те, әзілкештің игі бастамасы қар құрсауында қалған елорданы қардан тазалауға себі тиді. Президент бұған оң көзбен қараған соң мемлекеттік қызметкерден бастап қарапайым тұрғынға дейін қолға күрек алды. Осылайша, жол аршылып, Нұр-Сұлтан халқы кейбір компаниялардың жұмысын жеңілдетті.
Жаһандық челлендж
Челлендж ұғымы әлемге 2000-жылдардың басында таралды. Алайда қолданысқа бірден ене алмады. XXI ғасырдың алғашқы онжылдығын түйіндер тұста «күшін» көрсетті. Сондай челлендждің бірі – Ice Bucket Challenge. Шарты қарапайым – үстіңізге мұздай су құюыңыз керек. Егер орындай алмасаңыз, склерозбен ауыратындарды қолдайтын қорға 100 доллар аударасыз. Қызықты әрі сауапты тапсырманы орындауға асыққандар көп. Әлемге танымал жұлдыздар челленджді жалғап, мүлтіксіз орындаса да, қорға қаржы аударды. Әйгілі челленджге Джордж Буш, Барак Обама, Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стивен Кинг, Чесстер Беннингтон мен Рианна секілді атақты адамдар қатысқан. Сонымен бірге еліміздегі бірқатар өнер жұлдыздары да үндеуге қолдау білдірді. Қоғамға пайдасын тигізген челлендж көпке дейін шортлистте тұрды.Сонымен бірге қауіпті, эстремал санатындағы челлендж де қатарға қосылды. Арты неге әкеп соқтыратынын біле тұра, орындағандар бар. Мысалы, Kiki challenge жүріп бара жатқан машинадан түсіп, жылдамдығына ілесе отыра билеуге шақырады. Жаһандық ажиотаж тудырған үндеуге Уилл Смит бастаған жұлдыздар дем берді. Бірақ қауіпті екенін жазып, қайталамауын нұсқады. Адам көргенін жасаудан қашсын ба? қайта өршіте түсті. Салдарынан жол апаты, адам шығыны тіркелді. Елімізде де трендтен қалмай челленджді «беске» орындағандар жетерлік.Челлендж жыл мезгілі сияқты. Ауа райы өзгергені секілді атауы мен форматы түрленеді. Саны жыл санап артпаса, кемімейді. Әрі пайдасы мен зияны қатар жүреді. Мәселен, «21 күн» челленджі кез келгенді өзінше тәрбиелейді. Зиянды әрекеттен бастап, таңертең оянуға дейін өзіңізді 21 күн шектейсіз. «Әр істің қайыры бар» екені белгілі. Қандай бастама көтерілсе де, нәтижесі маңызды. Сондықтан челлендж бастап, марафон жарияламас бұрын, ертеңін «елестетіп» көрген жөн. Әйтпесе, қоғамда бастаманың тереңіне үңілмей жатып, қостайтындар табылады.