Атырауда тал түсте қыз алып қашпақ болған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Информбюро ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасап.
Оның бұл ерсі қылығы әлеуметтік желіге таралып, көпшіліктің ашуын туғызған. Алайда, жас жігітке тек айыппұл салынды.
Жазбада жігіттің 22 жастағы қызды күштеп көлікке отырғызып жатқанын көруге болады. Ал шарасыз күйге түскен ару жанұшыра айғайлап, қарсылық танытқан. Бірақ осы жайтты видеоға түсіріп тұрған адам көмекке ұмтылмаған.
Полицияның мәліметінше, күдікті қыз көнбеген соң үйіне апарып тастапты. Екеуі бір-бірін жақсы таниды. Тіпті, көңіл жарастырып, қыз бен жігіт ретінде сөйлесіп те жүрген екен. Сондықтан жәбірленуші арыз жазудан бас тартыпты.
"Әлеуметтік желіде таралған автокөлікке әйел адамды күштеп мінгізген бейнежазбадағы 22 жастағы ер адам анықталып, ұсталды. Автокөлігі арнайы тұраққа қойылды. 22 жастағы әйелдің арыз-талабы жоқ. Күдіктіге "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", – деді Атырау қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.