Шаруаларға тиімді лизинг бағдарламасы іске қосылды

«ҚазАгроҚаржы» АҚ Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторын қолдауға бағытталған лизингтің үш жеңілдетілген бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдауды бастайды.

20 ақпаннан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторын қолдауға бағытталған лизингтің үш жеңілдетілген бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдауды бастайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы жылдық 6% мөлшерлеме бойынша 10,5 млрд теңге.

Қаржыландыру төмендегідей бөлінеді:

«Өз жемшөбіміз» 3 млрд теңге;
«Қазақстанда жасалған» 5 млрд теңге;
«6%-бен жеңілдетілген лизинг» 2,5 млрд теңге.

«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша аграрлықтар аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін ауылшаруашылық техникасын, сондай-ақ отандық өндірілген және құрастырылған көлік құралдарын жылдық 6% мөлшерлеме бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге сатып алады. Аванс мөлшері лизинг нысанасының 15%-нан басталады. «Өз жемшөбіміз» бағдарламасы қазақстандық және шетелдік өндірістің жемшөп дайындайтын техникасы мен мобильді суару жүйесін қаржыландыруға бағытталған. Мұндағы мөлшерлеме де жылдық 6%-ды құрайды, мерзімі – 10 жылға дейін, аванс – кемінде 15%.

«Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы фермерлерге отандық өндірілген/құрастырылған өздігінен жүретін ауылшаруашылық техникасын жеңілдетілген шарттармен аванссыз 10 жылға дейінгі мерзімге 6% мөлшерлемемен сатып алуға мүмкіндік береді.

«Лизингтің жеңілдетілген бағдарламалары біздің клиенттер арасында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан  бос ақша қаражаты пайда болған сәтте, біз оларды лизингтің осы үш бағдарламасына бағыттауды шештік. Олар – «Қазақстанда жасалған», «Өз жемшөбіміз» және «Жеңілдетілген лизинг». Оған қоса, қазір алдағы егіс маусымына дайындалатын уақыттың дер кезі», – деп атап өтті «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.

Лизингке өтінімдер қабылдау 20 ақпанда сағат 15.00-ден басталады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.