Слесарь-механик: Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – сауапты іс

Жобаның түпкі түйіні – адал еңбек етіп жүрген жұмысшылардың кәсібилігі мен еңбекқорлығын өзгелерге үлгі етіп, қалың көпшілікке еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген мамандарды таныстыру.

Елімізде 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл  жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Елімізде жұмысшы мамандықтарға қатысты түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Almaty TV телеарнасы Жұмысшы мамандықтары жылына орай «Шаһар шырайы» жобасы жарық көргенін хабарлады.

Жобаның түпкі түйіні – адал еңбек етіп жүрген жұмысшылардың кәсібилігі мен еңбекқорлығын өзгелерге үлгі етіп, қалың көпшілікке еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген мамандарды таныстыру. 

Кезекті шығарылымның басты кейіпкері – «Алматы Су» холдингінің слесарь-механигі Назымбек Қалиев. Ол мегаполис тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ететін және су бұрумен айналысатын кәсіпорында 17 жылдан бері еңбек етіп келеді. Маманның негізгі міндеті – суды залалсыздандыру.

«Алматылықтарды таза, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – сауапты іс. Маған өз жұмысым ұнайды, жылдар өте келе кәсіби шеберлігімді шыңдай түстім. Ықтимал апаттың алдын алу үшін бәріне ертерек есеп жүргізіп, қондырғыларды дұрыс орнатуды, қалай жұмыс істеуді ұсақ-түйегіне дейін мұқият ойластырып алу керек. Жұмысыңа кәсіби тұрғыда әрі үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Өз ісіңе деген сүйіспеншілік – нағыз кәсібиліктің негізі. Адам жұмысқа жай ғана келіп-кетпей, шын жақсы көруі, пайдасын тигізуі, беріліп істеуі керек», – дейді Назымбек Қалиев.

Айта кетейік, 2024 жылы Алматыда 32 шақырым су құбыры желісі жөндеуден өтті, ал 2025 жылы тағы 45 шақырым коммуникация жаңартылады. Инженерлік желілерді жөндеу және салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы үш жылда 991,2 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желісі салынды және жаңғыртылды. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар тозған құбыр санын азайтып қана қоймай, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын да арттырады.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша, Алматыда су жүйесін ауқымды жаңғырту жұмысы жалғасады. Басты міндеттер қатарында 4 сорғы стансасын жөндеу, 200 дана сорғы жабдығын ауыстыру және басқа да жобаларды іске асыру бар.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.