Ахаңның үйі жекенің иелігінде
Ахаңның үйі жекенің иелігінде
Қазақ тіл білімі мен ұлт әдебиеттану ғылымының негі­зін қалаушы, ұлт ұстазы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұр­сын­ұлы 1934-1937 жылдар аралығында, яғни 1937 жылы қамауға алынғанға дейін тұрған үй әлі күнге мемлекет меншігіне берілмей, жеке қор иелігінде тұр. Бұл мәселе биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Талай рет айтылған. Одан көпшілік хабардар. Бұл тақырыпты қайтадан қау­зау­ға 2022 жылы болатын Ахмет Байтұр­сынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мәселе оң шешімін тауып қалар деген үкілі үміт себеп болды.  

Қаржы бөлген соң иелік етсе керек-ті

Осы үміттің жетегінде мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға, Алматы қала­сы­ның әкімі Бақытжан Сағынтаевқа арнайы хат жолданған да екен. Бұл хатқа филология ғылымының док­торы, академик Рәбиға Сыз­дықова, Қазақстан тарихшы­лар қауымдастығы төрағасы, академик Мәмбет Қойгелді, Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов сынды белгілі ғалымдар мен қоғам қай­раткерлері қол қойып отыр. Хатта Ахмет Байтұрсынұлының айтулы мерейтойы жақындап қалғаны және оның жәдігері Алматыдағы мұражай-үйі ғимара­тының тарихи маңызы зор ескерткіштер тізіміне алынғанына 30 жыл болатыны, осы шежірелі даталарды ел жадын­да мәңгі қалдыру мақсатында ұлы ғалымның өнегелі өмірін насихат­тай­тын жиынды ЮНЕСКО дең­ге­йінде атап өту жайы сөз болады. Сондай-ақ Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдығын мереке­леуге дайындық және оны өткізу жөніндегі мерейтойлық комиссия құрамын жасақтау жедел қолға алынса деген ұсыныс айтылған. Аталған игі шаралар іске асы­ры­луы үшін алдымен Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің өзекті мәселелерін шешіп алу қажеттігін ең негізгі мәселе ре­тін­де көтерген. Бұл үйде ғалым шығармаларының төлнұсқасы, ресми құжаттары және жеке зат­тары сақталған. Осыдан үш жыл бұрын тарихи жәдігер еліміздің киелі жерлер тізіміне енген. Сол кезде де алдағы уақытта мұражай-үй мемлекеттің қарамағына өтіп, жұмысы жандана түседі деген үміт болған. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас» күйін кешуде. Үкіметтен ғалым мұрасын на­си­хаттау мақсатында көмек сұ­рау­дың арқасында кітаптары, көп­томдығы екі рет басылып шық­ты. Ақыры Ахмет Байтұр­сынұ­лының мұрасын насихаттауға үнемі Үкімет көмектесе­ді екен, онда неге мұражай-үй қор­­дың меншігі болуы керек? Қа­зақ әдебиетінің алтын ғасыры бо­­лып танылатын ұлттық әдебиет­тану мен тіл білімі ғылымының ба­сында Ахмет тұрады да, ал Ах­мет­тің артында қалған жалғыз жәдігер үйіне келгенде «ол қоғам­дық қордың меншігі» деу, Үкімет­тің өзіне ұят емес пе?!  

Ғалым атындағы қорда штат та жоқ

«Осы мұражай-үйде жұмыс істе­­геніме 26 жылдан асты. Осы уа­қыт­та 26 рет те айлық алған емес­­пін, бұл менің қоғамдық жұ­мы­сыма айналды. Соншама уа­қыт­­тан бері мені құрғақ сөзбен алдап келген, не мұражай ретінде дұрыс ұстай алмайтын, не қор ретін­де қызметін көрсете алмай­тын бұл ұйымға әрмен қарай қалай сенуім керек? Ахметтің не жазығы бар? Жазықсыз құрбан боп кеткені аздай, одан қалған жалғыз жәдігер, мем­лекеттің киелі жерлер тізімін­де­гі тарихи нысан неге мемлекеттің қамқорлығынан сырт қалуы ке­рек? Тарихи жәдігер неге «қолды» болды деп ойлайтын жан қалма­ға­ны ма? Өтпелі кезеңде балабақ­ша­лар жекеменшікке беріліп, жұмысты дұрыс жүргізе алмаған­да­рын мемлекет кері қайта алды ғой. Қор меншігіне берілген Ахмет мұражай-үйі де осы уақытқа дейін дұрыс жұмыс істеген жоқ. Не мұра­жайда, не мұражайды менші­гіне алған қорда осы уақытқа дейін штат жасақталған емес. Мұражай туралы кітаптар шықса, бұл тарихи тұлғаның мұрасына деген шексіз құр­метімнен туған жанкешті еңбек. Мұражай-үй осымен үшін­ші рет еліміздің тарихи нысаны ретінде тізімге еніп отыр. Бірақ бұл тізім де жәдігер үйді құтқарып тұрған жоқ. Сонда Қазақстанның қасиетті нысан деп танылған киелі орындарының бірегейі Ахмет Байтұрсынұлының жәдігері мемле­кетке керек болмағаны ма?! Ең бастысы, мұражай-үйді мемле­кет­тік мекеме жасап, Мәдениет министрлігінің қарамағына өткізу», – дейді Ахмет Байтұрсын­ұлы мұражай-үйінің жетекшісі, фи­лология ғылымдарының кан­ди­даты Райхан Имаханбет. Ғалым «Үкімет шығарған ше­шім неге аяқсыз қалған?» деп сұрай­тын бір мемлекеттік мекеме­нің болмағанына қынжылады. «Ру­хани жаңғыру» жобасы аясын­да қос шешімді негізге алып, қоғам­дық қордың басшысын тезге сала­тын кез келді. Мұражай-үй ұйым­дастырылсын деген шешімді өзгер­те­тіндей өкім қайдан келге­нін ашық айтсын! Бірінші пайда бол­ған қор емес, мұражай. Енде­ше, ол неге заңды мекеме ретінде тір­келмеген, 30 жылға жуық штат­пен қамтылмаған? Ғалым мұрасын насихаттау немесе кешенді ғылы­ми зерттеу жұмыстарын жүргізе алмайтын қауқарсыз қор не үшін құрылған? Қоғамдық қорда да штат болған емес. Тек қағаз жүзін­дегі құрылтайшылар: қор басшысы, ахметтанушы – мен, үшінші тұлғаның «аты бар, заты жоқ». Күр­меуі жоқ бұл мәселені, Ахмет­тей тұлғаның мұрасы мен көзіндей болған жәдігер үйді жекешелен­діру­дің өзі үлкен қиянат екенін сан мәрте айттым. Бірақ нәтиже жоқ», – деді Р.Имаханбет.  

Еріктілер көмектесіп жүр

Бір қуанарлығы, қазір Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйіне жо­ғары оқу орындарының сту­дент­тері мен түлектері жиі бас сұғады. Тіпті, олардың біразы соңғы 5 жыл көлемінде мұражайға штаттан тыс қызмет көрсетіп келеді. Бұл – қан­шама жыл мұражай-үйдің жалғыз қорықшысына айналып, тағылым мектебінде жасалуы тиіс іс-шара­лардың бәрін табандылық­пен атқарып жүрген Райхан Сахы­бек­­­қызының үгіт-насихатының жемі­сі. Ұлт ұстазының тағылым үйінде экспонаттармен таныстыру, тіпті зал еденін жуып, мұражай ауласын сыпыру, келушілерді қабылдау осы ерікті жастардың көмегімен ғана жүзеге асып отыр. Бүгінде қор­шауы алынып тастал­ған қа­сиет­ті орынның ауласы өткен-кеткеннің тамақ ішетін, қоқыс тастайтын «полигонына» айналға­ны да ақиқат. Осы ерікті жастар да қала басшысына арнайы хат жолдап, ұстаздары Райхан Сахы­бек­қызының 1992 жылдан мемле­кет­тік маңызы бар тарихи ескерт­кіш­тер санатына енгізілген мұра­жай-үйге республикалық немесе ұлттық мәртебе берілуін жедел шешу туралы айтылған ұсынысын қолдайтынын білдірген. «Бізден бұл мұражайға ешқан­дай пайда жоқ. Ахмет Байтұрсынұ­лы­ның асырап алған қызы, менің анам Шолпанның айтуына қара­ған­да, кішкентай кезімде Ахмет атам осы үйде мені мойнына салып көтеріп жүреді екен. Ол кез, әрине, менің есімде жоқ. Анам ауырып жатқанда аталас бауырым Сергей қор құру туралы қол қой­ды­­рып алған ба әлде басқа жол­мен реттеген бе, әйтеуір қор ашы­лып­ты. Ол кезде мен ештеңені түсінген жоқпын. Қазір жасым 84-ке жа­қын­дады. Мұражайдың қайта­дан мемлекет меншігіне өтіп, күтімге алынғанын көріп кетсем деймін. Атамның мерей­тойы қарсаңында мұражай-үйге келу­­шілер көбейеді деп ойлаймын. Сондықтан тағы да бір күрделі жөн­деу жұмыстарын жүргізіп шық­­са жөн болар еді», – дейді та­рихи тұлғаның жиеншары Ай­ман Байсалова. Ғалымның айтулы мерей­тойы қар­саңында ол туралы жария­лан­ған материал­дар легі қайта өңде­ліп, бұрын шыққан 6 томды­ғын то­лықтырып, кейін­нен табылған туындыларын қо­сып 10 томды­ғын шығару ойда бар. Бір кездері Ахмет Байтұр­сынұ­лының шығар­ма­­шылық өмір­­баянына байла­ныс­ты дерек­ті ф­ильм шығару бастамасы айтылған. Әзірге бұл іс қолға алын­ған жоқ. Ғалымның жү­ріп өткен өмір жолы туралы кар­та әзірленіп, экспедиция ұйым­­дастыру да жоспарланған. Мұ­ның бәрі осы таяу мерзімде ат­­қарылуы тиіс шаруалар. Деген­мен оның қалай жү­зеге асатыны әзірге белгісіз.    width=   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ