Бетперде киген жігіт 3 баласы бар жалғызбасты анаға баспана сыйлады (видео)

Бетперде киген жігіт жалғызбасты анаға үйден бөлек дүкен ашуға және балаларының ем алуына да қаражат берген.

Қайырымдылықпен айналысып, көпшілікке "маска киген адам" ретінде танылған жігіт такси жүргізіп, үш баласын асырап отырған жалғызбасты анаға үй сыйлады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жалғызбасты ана Айжарқын такси болып жұмыс істегенде балаларын өзімен бірге алып жүрген. Сөйтіп жүргенде жол апатына ұшырап, үлкен қызы қатты жарақат алып, ауруханаға түскенін айтады. 

– Жалға алған көлікпен такси болып, ақша тауып жүрген жерімнен жол апатына түстім. Соққы болған сәтте терезеден ұшып кеттім. Арамызда үлкен қызым қатты зардап шекті. Қолы, аяғы сынып, басы жарылды, – дейді Айжарқын. 

Әйел балаларын неліктен өзімен бірге алып жүргенін де айтып берді. 

– 2024 жылдың сәуір айында көршім мас күйде үлкен қызымды зорлай жаздады. Содан кейін қыздарымды біреуге қалдырудан қорқамын. Арманым – өзімнің азық-түлік сататын дүкенімді ашу, – деді әйел.

Бетперде киген жігіт жалғызбасты анаға үйден бөлек дүкен ашуға және балаларының ем алуына да қаражат берген. Осылайша "маска киген адам" тағы бір отбасыға қуаныш сыйлады.