Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығы серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілді

Кездесулер қорытындысы бойынша, екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Қазақстан-Әзербайжан бағытындағы су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу жөніндегі құжат бар.

Премьер-Министр Олжас Бектенов Бакуге ресми сапары аясында Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің қабылдауында болды. ҚР Үкімет басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді,  деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметке сілтеме жасап.

Екі мемлекеттің басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынастың арқасында Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығы серіктестіктің сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. 

Әзербайжан Республикасының премьер-министрі Әли Асадовпен үкіметаралық келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесулер қорытындысы бойынша, екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Қазақстан-Әзербайжан бағытындағы су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу жөніндегі құжат бар. Жоба байланыстың сапасы мен сенімділігін арттыру, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді беруді кеңейту үшін стратегиялық маңызға ие. 

Сондай-ақ келіссөздер барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылы талқыланды. Әзербайжан тарапы Қазақстанның Қарабақты қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.