Астанада Tomiris жобасының қатысушылары мен «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты көшбасшылар кездесуінде бас қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Астанада Tomiris жобасының қатысушылары мен «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының мүшелері көшбасшылар кездесуінде бас қосып, гендерлік саясаттың өзекті мәселелерін талқылады. Екі күнге созылатын жиынға еліміздің әр өңірінен белсенді әйелдер кел3п, бірқатар панельдік сессияларға қатысып жатыр.
Әйелдер көшбасшылығын дамыту – басты мақсат
Кездесу барысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысушыларды келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтап, партияның әйелдер көшбасшылығын дамыту бағытындағы бастамалары туралы айтты.
Tomiris – "AMANAT" партиясының беделді жобаларының бірі. Соңғы үш жылда бұл жобаға 120-ға жуық әйел қатысып, олардың 35-і мәслихат депутаты атанды. Басты мақсат – әйелдердің саяси белсенділігін арттыру, – деді Дәулет Кәрібек.
Сонымен қатар ол Tomiris бастамасының жалғасы ретінде партия жанынан Әйелдер қанаты құрылғанын атап өтті.
Гендерлік саясаттағы жетістіктер
«AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен елдегі әйелдер құқығын қорғауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Дәулет Кәрібектің айтуынша, Қазақстанда алғаш рет психологиялық қызмет туралы заң жобасы әзірленді. Сонымен қатар бюджет саясатына гендерлік бюджеттендіру ұғымы енгізілді.
Кездесуде сөз алған «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова да әйелдер мәселесі партияның басты назарында екенін атап өтті.
Осы шақырылымдағы депутаттар әйелдер құқығына қатысты 22 депутаттық сауал жолдап, нәтижесінде 18 заң жобасы қабылданып, іске асырылды, – деді Ш.Каринова.
Бұл кездесудің басты мақсаты – әйелдердің қоғамдық өмірге белсене араласуына жағдай жасау және гендерлік саясатты дамытуға үлес қосу.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.