Quartz сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz автономды жұмыс істейтін ЖИ агентінің тапсырмаларды орындау мүмкіндіктерін талдайды.
Өткен жылы жасанды интеллект саласының көшбасшылары автономды түрде жұмыс істей алатын агенттер 2025 жылы пайда бола бастайтынын айтқан еді. Сол болжам орындалып, Қытайда әлемдегі алғашқы ЖИ агенті жасалғанға ұқсайды.
6 наурызда қытайлық Manus компаниясы автономды ЖИ моделінің бета-нұсқасын іске қосқанын жариялады. Олардың айтуынша, бұл – «әлемдегі алғашқы әмбебап жасанды интеллект агенті».
«Бұл жай ғана тағы бір чат-бот немесе жұмыс процесі емес. Бұл – тұжырымдама мен орындалу арасындағы алшақтықты жоятын шын мәніндегі автономды агент», – дейді Manus AI-дың бас ғылыми қызметкері Ичао «Пик» Цзи кіріспе видеода.
Басқа жасанды интеллект агенттері жаңа идеяларды генерациялауда пайдалы болғанымен, Цзи Manus AI «адамның араласуынсыз айтарлықтай нәтижелер беретінін» айтады. Агенттің атауы латынның «Mens et Manus» (Ақыл мен Қол) тіркесінен алынған.
«Біз мұны адам мен машина арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа парадигмасы деп бағалаймыз, және, мүмкін, жалпы жасанды интеллектке (AGI) бір қадам жақындататын құрал деп санаймыз», – дейді Цзи.
Естеріңізге салайық, Жалпы ЖИ (AGI) – жасанды интеллектің адамның ақыл-ойымен теңесіп, одан асып түсетін кезеңі.
Қазіргі уақытта қытайлық жаңа ЖИ агенті бета-нұсқада, шақыру арқылы ғана қолжетімді. Оған қол жеткізу кодтары Қытайдың Xianyu қайта сату платформасында мыңдаған долларға сатылуда.
Manus AI веб-сайтының мәліметінше, ЖИ агенті нақты тапсырмаларды орындай алады. Мысалы, жеке саяхат жоспарларын жасау, жылжымайтын мүлікті зерттеу, оның қолжетімділігін талдау, қор нарығындағы акциялардың корреляциялық талдауын жүргізу.
«Manus өзінің жеке білімі мен жадына ие, сондықтан мен Manus-ты келесі жолы осыған ұқсас тапсырманы орындаған кезде бірден электрондық кестені ұсынатындай етіп үйрете аламын», – дейді Цзи.
Manus бұл тапсырмаларды асинхронды түрде бұлтта орындайды, яғни пайдаланушылар ноутбугын жауып тастаса да, ол жұмысын жалғастыра береді. Агент тапсырманы орындау барысында жаңа нұсқаулар да ала алады.
ЖИ негізіндегі әмбебап виртуалды көмекшілерді бағалайтын GAIA Benchmark тестіне сәйкес, Manus OpenAI-дың Deep Research агентіне ұқсас ең жоғары өнімділікке қол жеткізген. Manus қазірдің өзінде Upwork және Fiverr сияқты фриланс платформаларында тапсырыстар орындауда.
Цзи жасанды интеллект агентінің мүмкіндіктері ашық бастапқы кодтың арқасында жасалғанын, оны бағдарламалық жасақтама қауымдастығы жүзеге асырғанын айтады. Бұл ЖИ агентінің коды, деректер жиындары мен параметрлері кез келген адамға қолжетімді ашық екенін, оны ары қарай қолдануға, дамытуға болатынын білдіреді. Ал OpenAI өнімдерінің кодтары жабық.
Агент «көп агентті жүйе» ретінде жұмыс істейді және әртүрлі жасанды интеллект модельдерін пайдаланады. Команда жылдың соңына қарай кейбір модельдерді ашық кодқа айналдыруды жоспарлап отыр.
Джордж Мейсон университетінің жасанды интеллект бойынша ғылыми қызметкері Дин Болл X (бұрынғы Twitter) желісінде:
«Manus-ты Қытайдың бұрынғы ЖИ жетістіктерімен салыстыру дұрыс емес. DeepSeek негізінен америкалық фирмалар бұрыннан қол жеткізген мүмкіндіктерді қайталауға бағытталған еді. Ал Manus шын мәнінде жаңа мүмкіндіктерді кеңейтеді», – деп жазды.
Hugging Face компаниясының өнімдер жөніндегі жетекшісі Виктор Мустар:
«Мен көрген ең әсерлі жасанды интеллект құралы. Оның агенттік мүмкіндіктері таңғаларлық, ЖИ-дің мүмкіндіктер шекарасын ұлғайтады», – дейді.
Manus-қа күмәнмен қарайтын зерттеушілер де бар. Француздық PrelAs AI зертханасының негізін қалаушы Александр Дориа X (бұрынғы Twitter) желісінде:
«Иә, оның интерфейсі ұнады. Бірақ бұл негізінен жұмыс процесі ғана. Бұл шынайы автономды агент емес, Клод сияқты кіріктірілген агенттік мүмкіндіктерден асып түспейді», – деп жазды.
Профессор Дерья Унутмаз Manus пен OpenAI Deep Research агенттерін қатар іске қосып салыстырған.
«Deep Research менің тапсырмамды 15 минуттан аз уақыт ішінде орындап шықты. Ал Manus 50 минут ішінде де қажетті қадамдарды аяқтай алмады», – деп жазады.
Мамандар пікірі әртүрлі болғанымен, жаңа Manus AI құралы – автономды жасанды интеллектің болашағына жасалған маңызды қадам. Ол ЖИ агенттерінің дамуына жаңа бағдар беріп, толық автономды жасанды интеллект жүйелеріне жол ашуы мүмкін. Оның қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.