Президент уәдесін орындап, кеше Tesla Model S көлігін сатып алды (ВИДЕО)

Президент уәдесінде тұрды. Tesla Model S электр көлігін сатып алды.

Америка президентінің Ақ үйде жаңа көлік таңдаған сәттерін Truth Social әлеуметтік желісінде жарияланған видео материалдар негізінде Aikyn.kz ұсынады.

Президент Дональд Трамп Илон Маск және оның 4 жасар ұлымен бірге Ақ үйдің алдында көлік таңдап жүр. Фото news.sky.com сайтынан алынды

Truth Social әлеуметтік желісінде америкалық президенттің Tesla көліктерінің 5 моделімен Ақ үйде танысқан сәттерінен видео материалдар жарияланды. Бұл материалдар желіге 15 сағат бұрын, Вашингтон уақыты бойынша сағат 16.30 шамасында (Астанада түнгі сағат 1-де) жүктелген.

Видеода президент Дональд Трампқа қызыл Tesla Model S электр көлігінің ұнағаны, ол осы көлікті чекпен сатып алғаны көрсетіледі. Президенттік пулға кіретін журналистердің алдында Ақ үй басшысы миллиардер Илон Маскті қолдайтын сөздерін айтты. Әлеуметтік желідегі жазбасында Трамп:

«Біріншіден, бұл тамаша өнім – мүмкін болатын ең жоғары деңгейде жасалған. Екіншіден, Илон оған өз энергиясы мен өмірін арнады және менің ойымша, оған қарсы әділетсіздік болды».

Президент өзінің қызметіне кіріскен 50 күннің ішінде Америка үшін өте жақсы өзгерістер болып жатқанын жариялады. Оның ішінде елдің экономикасындағы оң өзгерістерді айтты:

«Жұмыртқа бағасы төмендеді, пайыздық мөлшерлемелер төмендеді, бензин бағасы төмендеді – бәрі арзандап жатыр! Біз бәрін дұрыс істеп жатырмыз. Және мен осы елге, оның халқына үлкен сенім артамын».

Илон Маск болса Ақ үй басшысына деген құрметін жеткізіп қалды. «Президент Трамп пен оның әкімшілігінің ұлы саясатының нәтижесінде, сондай-ақ Америкаға деген сенімнің белгісі ретінде, Tesla алдағы екі жыл ішінде АҚШ-тағы автокөлік өндірісін екі есе арттырады». 

Бұл сөздерден кейін Дональд Трамп Масктің арқасынан қағып: «Оның республикашыл екені маңызды емес, кейде оның қандай философияны ұстанатынын да білмеймін. Бірақ ол – патриот», – деп өзінің ризашылығын көрсетті.

Ақ үй басшысы бұған дейін де мемлекеттік шығындарды қысқартуға жауапты етіп өзі тағайындаған миллиардердің компаниясынан  17 жастағы немересі Кай үшін Cybertruck сатып алғанын айтты.

Ескерту. АҚШ-тың кейбір штаттарында, мысалы, Оңтүстік Дакотада 14 жас 3 айдан бастап көлік жүргізуге болады. Көпшілік штаттарды көлік жүргізу құқығы 16 жастан бастап беріледі. Президенттің немересі заңды түрде көлік жүргізе алады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.