«Жастардың» балаларға арнаған сыйы

«Жастардың» балаларға арнаған сыйы
Театр – ең бекзат өнер. Оның туындысы ересектерге ғана арналған деген жеңіл ойдан аулақ болу керек.

Өйткені балаларға арналған театрланған қойылымдардың саны да, көрермені де артып, тақырыптың кеңейіп келе жатқаны байқалады. Елдегі барлық дерлік театрдың репертуарында бүлдіршіндерге арналған спектакльдер азды-көпті қойылып келеді. Мәселен, «Ұр, тоқпақ», «Алтын балапан», «Күлше қыз» сияқты төл әдебиетіміз бен шетелдік үздік туындылардың аудармасы кішкентай көрерменнің көзайымына айналған.

Бірақ айтпағымыз бұл емес. Қызылордадағы «Жастар» театры алғаш рет балаларға арналған қойылым ұсынды. Бұл – аймақтағы ғана емес, жалпы қазақ театрының қадамын ілгері басуы. «Жастар» театрындағы балалар спектаклінің алғашқысы болған – Мухамед Әлихан қойған «Туған күн» музыкалық спектаклі. Режиссердің айтуынша, осы тақырыпты таңдап алудың себебі бар, әрине: бүлдіршіндерді өтіріктің ауылынан алыстатып, біреудің ала жібін аттамауға үйрету, адамгершілік қасиетке баулу. Қойылымның жас көрермендерді ізгілікке, мейірбандыққа тәрбиелеуде берер тағлымы мол.

– Бұған дейін театрымыз балалар тақырыбына арналған ешқандай қойылым қоймаған еді. Алдағы уақытта қала бүлдіршіндеріне танымдық тәрбие беру, олардың руханиятын дамыту мақсатында өзіміздің үлесімізді қосайық деген оймен «Туған күн» атты музыкалық спектакльді қояйық деп шештік. Және өз репертуарымыздың қатарын көбейту мақсатында да балалар қойылымын таңдадық. Мұның негізгі идеясында ешкімге өтірік айтпау мен достық қарым-қатынастың тек жақсылыққа құрылатыны жатыр. Бұл қойылым балаларды бауырмалдыққа, мейірімділікке, достыққа шақырып, заманауи ән мен бидің үйлесім табуымен қызықтырады. Сондай-ақ бүгінде қалыс қалып бара жатқан адами қасиеттерді насихаттайтын туынды  балалардың болашақта «адам» болып қалыптасуына үлкен үлес қосады, – дейді режиссер. 

Кішкентай театралдарға ұсынылған «Туған күннің» желісі шаңырақтағы жалғыз атаның қорадағы малына деген махаббатымен басталады. Өзі жоқта малына тиген қасқырлардың бейнесі бала көзімен суреттеліп, сөзі бала тіліне сай жазылған. Өйткені ертегідегі аңғал қасқырдың шабуылын қорадағы төлдердің достық күші жеңіп шығады. Осы арқылы баланы достыққа адал болуға тәрбиелейді. Сахна үлгісіне келтірілген басқа да ертегілердің негізгі мазмұны баланың бойына адамгершілік қасиетті дарыту, адалдыққа баулу болған болса, «Туған күн» спектаклінің ерекшелігі – осы аталған құндылықтарды жан-жануар арқылы оңай жеткізу. 

AMP

Баланың таным-түйсігін кеңейтуде сахналық қойылымдардың орны ерекше. Бірақ балалар театры туралы сөз болған жағдайда бірінші қуыршақ театры тілге тиек бола қалады. Алайда әр аймақтағы театрдың репертуарында жас көрерменге арналған қойылымға орын бар. Сондықтан өнер ошақтары жас талғамайтынын ашық айтуымыз керек. Режиссер Мухамед Әлихан балалар қойылымын қоятын театрлардың көзқарасы мен ұстанымы әртүрлі екенін негізге ала отырып, театр қойылымы бала телмірген смартфондардағы анимациялардан кем түспеу керек екенін айтты.

– Қазіргінің балаларын түрлі гаджет «тәрбиелеп» жатқанын мойындаймыз. Назарға ерекше түсіп, қайталанбас кейіпкер болса, сол баланың қаһарманына айналатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан балаларға арналған қойылым қоюдың жүгі ересектерге қарағанда ауырлау. Осындай талаптарды ескере отырып, «Туған күн» спектаклін қойғанда қазіргі заманға сай идеяны пайдаланып, балалар көріп жүрген түрлі қанық түсті үйлестіріп, деңгейі жоғары туынды жасауға тырыстық. Әртістер өзіне берілген кейіпкерін сомдағанда барынша балаларға түсінікті тілде жеткізуге барын салды. Мысалы, Теке шынайы өмірде көш бастайтын болса, бала көзімен аулада асыр салып жүретін түлік ретінде суреттеледі. Сондықтан қандай қойылым болса да алдымен баланың психологиялық ойлау қабілетін ескерген жөн. Өйткені жаңа айтқанымдай, әр баланың қолында түрлі смартфон тұр. Десек те, театрға келетін балалар аз дегім келмейді. Бірақ жұмыс істеу бағытына сәл өзгеріс енгізсек, бүлдіршіндерді одан әрі қызықтыра аламыз деп ойлаймын, – деді ол. 

Айта кетейік, қызылордалық «Жастар» театрындағы алғашқы премьераға Ұлан Болатбектің «Туған күн» шығармасы таңдалды. Ал кейіпкерлерді театр ұжымын балалардың үздік жұмысынан таңдап алған екен. Нақтырақ айтсақ, премьераның алдында театр ұжымының ұйымдастыруымен «Менің қиялымдағы қаһарман» атты балалар арасында бейнелеу өнерінен жарыс өткен. Сол жарыста ең үздік шыққан суреттегі «қаһарман» спектакль кейіпкеріне енген. 

«Балалар ойындағы кейіпкерді театр кейіпкеріне айналдыру арқылы балаларды тірі өнерге баулимыз. Сондықтан халық жадында сақталған аңыздар мен ертегілерді сахнаға бейімдей берсек, құнды олжаға кенелер едік. Театр дейтін ғажап өнер ордасын балалардың құлшыныспен келетіндей құтты орынға айналдыра алсақ, ұжым үшін үлкен жеңіс болар еді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген бар ғой, міне соның басты шарты осы – қоғам бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасауы керек», – дейді Мухамед Әлихан.

Репертуарға қосылатын әр тақырып көрер-­ меннің сұранысынан не қажеттілігінен туады. Демек, балаларға ұсынылып жатқан премьераның қойылуына да негіз бар. Жақсы бастамамен шыққан театр қоржыны кішкентай көрермен сүйіп көретін тағы қойылымға толса екен. Қысқасы, көгілдір экраннан көз алмайтын бала құштарлықпен театрға жиі баратын кез туса игі.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ