Бес жыл іздеуде болған: адам ағзасын саудалаған әйел Польшада ұсталды

Әйел Қазақстан құқық қорғау органдарында 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде болған.

Адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деп айыпталған әйел Польшада ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Польша құқық қорғау органдары Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде 35 жастағы әйелді ұстады. Ол Қазақстан құқық қорғау органдарында 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде болған.

- Ұсталған азамат адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2017-2018 жылдары бұл қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған.

Қылмыстық схемаға Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары тартылған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, күдікті донорлар мен реципиенттерді қарсы алып, орналастыру, олардың медициналық тексерістен өтуін ұйымдастыру, шығындарын өтеу және құпиялылықты сақтау жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ донорларға реципиенттермен туыстық байланыстары туралы жалған ақпаратты жаттатқызған, – делінген ақпаратта.

Қазір ұсталған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.