Қарағанды облысында ұсақ мал қырылып жатыр

Қожалық иесі дер кезінде хабар бермегендіктен, өлген малдың барлығына зерттеу жүргізілмеген.

Қарағанды облысында ұсақ мал бірінен соң бірі қырылып жатыр. Қазір өңірде карантин енгізілген, - деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Қарқаралы ауданына қарасты Мартбек Мамыраев ауылдық округіндегі қожалық иелерінің бірінде 80-ге жуық қой-ешкі арам қатқан.  Шығын тіркелгеннен кейін, облыстық ветеринариялық инспекция мамандары тек екі қойдан ғана сынама алған. Артынша олар инфекция барын анықтаған. Алайда қожалық иесі дер кезінде хабар бермегендіктен, өлген малдың барлығына зерттеу жүргізілмеген. Ақтоғай ауданында да жылқылар белгісіз аурудан қырылып жатыр. Қазір мал дәрігерлері олардан сынама алуға көшті.

«Мал арасындағы өлім-жітім жайында ескертпеген. Соның барлығын ескере отырып, Қарқаралы аудандық инспекция тарапынан тексеріс тағайындалды. Бүгінгі күннен тексеріс жүргізілуде. Тексеріс қорытындысы бойынша жауаптыларға әкімшілік жаза қолданылады. Ақтоғай ауданында жылқылардың өлімі бойынша, аса қауіпті ауруларға патологиялық материал алынбағанымен,  бес жылқыдан сынамалар алынды. Бүгінгі күні облыстық зертхана зерттеуінде», – деді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық бөлім басшысы Дархан Иманбаев.