Астаналық кәсіпкер өлген малдың етін сатқан

Рейдтер барысында полиция қызметкерлері базарларды, ет тасымалдаумен айналысатын көлік құралдарын, сондай-ақ шаруашылықтар мен мал сою пункттерін тексерді.

"Барымта" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында елордалық полицейлер қажетті ветеринариялық құжаттары жоқ ет партиясын тәркіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz Zakon.kz.

Аталған операция 2025 жылдың 11-31 наурыз аралығында мал ұрлығының алдын алу, ет өнімдерін заңсыз өткізудің жолын кесу және жалған ветеринариялық анықтамаларды анықтау мақсатында жүргізіліп жатыр. 

Рейдтер барысында полиция қызметкерлері базарларды, ет тасымалдаумен айналысатын көлік құралдарын, сондай-ақ шаруашылықтар мен мал сою пункттерін тексерді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, "Еуразия-1" сауда орталығының аумағында және "Күйгенжар" бақылау-өткізу пунктінде тиісті құжаттарсыз ет өнімдерін тасымалдаудың үш жағдайы анықталған. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.

Сонымен қатар, іс-шаралар барысында жедел уәкілдер тұтынуға жарамсыз ет өнімдерін, яғни өлген малдың тушаларын сатқан 34 жастағы азаматты ұстады. Қазір сараптама жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.