Зейнетақы төлемдерін алу үшін қайда және қашан жүгінуге болады?

«БЖЗҚ» АҚ-дағы зейнетақы жинақтарының кесте бойынша төлемі қалай есептеледі?

Бұл туралы Aikyn.kz Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақпараты негізінде хабарлайды.

Зейнетақы жинақтарының кесте бойынша төлеміне кімдер құқылы?

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, «БЖЗҚ» АҚ-дан (бұдан әрі – Қор, БЖЗҚ) белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері зейнет жасына толған (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас), сондай-ақ І немесе ІІ топ мүгедектігі мерзімсіз уақытқа белгіленген, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

Кесте бойынша төлемдер қалай есептеледі? Кесте бойынша берілетін төлемдер былай есептеледі: зейнетақы төлемін ала бастайтын алғашқы жылы зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері  республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі  ЕТК) кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2025 жылы ЕТК деңгейі  46 228 теңге).

Мерзімсіз уақытқа белгіленген І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеп, зейнет жасына толған, олардың пайдасына жиынтығында кем дегенде 60 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген адамдар сияқты белгілі бір санаттағы алушылар үшін Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Жоғарыда көрсетілген шарттардың біреуінен артығын қанағаттандыратын адамдар үшін ең үлкен мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады.  

Егер БЖЗҚ-дан төлем жасалған күндегі зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына арналған белгіленген ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса (2025 жылы 753 252 теңге = 62 771х12), төлем бір рет бірақ беріледі.

БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерін алу үшін қайда және қашан жүгінуге болады?

БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуға байланысты зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен зейнетақы төлемдерін тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет. Мұны зейнет жасына толғанға дейінгі 10 күн бұрын жасау керек. Зейнетақы төлемдерінің барлық түрлері өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Бұл ретте өтініш берілген күн болып, өтініштің және қажетті құжаттардың ХҚКО-да тіркелген күні есептеледі. Егер алушы зейнет жасына толғанға дейін, ертерек жүгінген болса  зейнет жасына толған күн өтініш берілген күн болып есептеледі. Әсіресе, бюджеттен төлемдер алу үшін уақытылы жүгінген аса маңызды, себебі оны тағайындау үшін алушы ұсынған құжаттар негізінде еңбек өтілін тексеру қажет.

Бұған қоса, телефон нөмірлері еGov мобильді азаматтар базасында тіркелген болашақ зейнеткерлерге (әлеуетті алушыларға) зейнет жасына толғанға дейін 2 ай қалғанда 1414 нөмірінен зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі қызметтерді алу үшін Мемлекеттік корпорацияның жақын жердегі бөлімшесіне уақытылы жүгіну мүмкіндігі туралы SMS-хабарлама жіберілетініне назар аударамыз. Онда eGov.kz сайтындағы қажетті құжаттар тізіміне сілтеме беріледі. Яғни, мемлекеттік органдар зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде ресімдеу үшін тиісті хабарламалар жібереді. Себебі, өткізіп алған кезең үшін төлемдер тағайындалмайды.

Сонымен қатар БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша проактивті қызмет көрсету мақсатында зейнет жасына толған, Қорда зейнетақы жинақтары бар, бірақ төлем алуға өтініш білдірмеген тұлғалар бойынша БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, осындай азаматтарда жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығын жыл сайын салыстырып, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Жыл сайынғы салыстыру нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен тағайындалған зейнетақы төлемдері бар адамдар анықталған кезде БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен жасалған тиісті келісім шеңберінде оларға зейнетақы төлемдерін өтінішсіз-ақ аударады.

Мерзімсіз уақытқа І немесе ІІ топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты төлем алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне не электронды  цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, БЖЗҚ сайтындағы (enpf.kz) немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасындағы жеке кабинет арқылы жүгіну қажет.

БЖЗҚ-да мерзімсіз белгіленген І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін барып көрсетілетін қызмет ұйымдастырылғанына назар аударыңыз. Бұл ретте алдын ала кеңес беру, оның ішінде қызметтерді қашықтан, ешқайда шықпай-ақ алу мүмкіндігіне тексеру жүргізіледі.  

Атап кеткен жөн, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.