Қасым-Жомарт Тоқаев: Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды

Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы осыдан үш жыл бұрын көтергенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым, оны білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент барша қазақстандықты Амал мерекесімен құттықтап, Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны екенін атап өткен болатын.