Президент Ұлттық құрылтайда елдігіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерге тоқталды – Руслан Рүстемов

Келесі жылы Ұлттық құрылтай Қызылорда қаласында өтеді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев көтерген мәселелер туралы Facebook әлеуметтік желісінде пікірін білдірді,  деп хабарлайды Aikyn.kz

– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Арқаның ажары, сұлу Көкше төрінде, Бурабай баурайында Ұлттық құрылтайдың IV отырысы ұлт зиялыларының басын қосты.

Осындай маңызды алқалы жиынды Абылай ханның ордасы тігілген аумақта өткізіп, солтүстік шекаралық аймақтарды дамыту мақсаттарына басымдық беру де өте маңызды деп санаймын.

Құрылтай – ұлт танымына әбден сіңген, бастауын мыңжылдықтардан алатын ұғым. Тарихтан Талас құрылтайы, Ордабасы құрылтайының мән-маңызы айқын. Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев Ұлытауда өткен құрылтайда 1917 жылы Орынборда өткен съезді ұлтты ұйыстырған құрылтайға теңегенін жақсы білеміз. Өйткені съезд қорытындысымен Алаш партиясы және автономиясы жарияланған-ды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылтай жаңа сипатқа ие болып, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті.

Қасым-Жомарт   Тоқаев ел тұтқасын ұстағаннан кейін Ұлттық құрылтайды Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрып, ой-талқы платформасына айналдырды. Міне, Ұлытау, Түркістан, Атырау аймағында, бүгін Көкше өңірінде құрылтай шақырылып, елдік мәселелер талқыланып, тарихи сананы тереңдету, ұлт мәдениетін жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жаһанданған заманда ұлттың болмыс-бітімін сақтау және т.б. мәселелер сөз болды.

Қазір әлемдік геосаяси жағдай күрделене түсумен қатар, Орталық Азияда су қауіпсіздігі сезіліп, электр энергиясына деген тапшылық байқала бастады. Мемлекеттің дамуы үшін бұл қажеттіліктерді тездетіп шешу де аса маңызды. Қазақстан халқы еліміздің мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыру мақсатында Мемлекет басшысының тарапынан қабылданған стратегиялық шешімдер мен халықшыл бастамаларға үміт артып, келешекке сеніммен қарауда. 

Қазіргі кезеңде елімізде Президенттің бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ  ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғышарты ретінде саяси модернизация да жүйелі жүзеге асуда. Яғни, мемлекеттік қызмет пен сервистік жұмыстың сапасын арттыруда қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды белсенді қатыстыру жұмысы жетілдірілуде.

Шындығында, Президент ұсынған конституциялық реформалар мемлекетті саяси тұрғыдан жаңғыртумен бірге халқымыздың қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатуға деген сеніміне серпіліс әкелгенін айту қажет.

Бүгінгі Ұлттық құрылтай барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы ауқымды тақырыптарды қамтып, елдігіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын бірқатар өзекті мәселеге тоқталды.

Сондай-ақ  Президент өз сөзінде: «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына 100 жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын»,–  деді.

Мемлекет басшысының бұл шешімі Қызылорда облысында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен елдің ерен еңбегіне берілген лайықты баға деп санаймын.

Шындығында да, еңбек ырғағын бір сәтке баяулатпаған жерлестеріміздің бірлігімен келген осы жетістіктерді,  яғни облыс экономикасына инвестициялық түсімдердің артуын, құрылыс қарқынының өсуін, аграрлық саладағы өсімді жерлестеріміз Президенттің Сыр өңіріне қолдауы мен қамқорлығы деп түсінеді. 

Сөз орайында айта кетейін, өткен жылдың соңғы тоқсанында өткен Сенаттың пленарлық отырысында бір топ сенаторлар Үкіметке Қызылорда облысындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендетудің тиімділігімен қатар, көркейту, абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы озық жұмыс үлгілерін насихаттап, оны үздік тәжірибе ретінде республиканың өзге өңірлеріне тарату жөнінде депутаттық сауал жолдаған болатын, – деп жазды сенатор.