Нұртөре Жүсіп: Әдемі жер-су атауын толық пайдаланбай жүрміз

Ұлттық құрылтайдың IV отырысы Бурабайда өтті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев көтерген мәселелер туралы Facebook әлеуметтік желісінде пікірін жазды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Арқа төрінде, Бурабай баурайында Ұлттық құрылтай өз жұмысын бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.

Мемлекет басшысының екі мәселеге қатысты пікірі көкейге бірден қона кетті.

Бірінші – “Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық.

Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда».

Екіншісі – ономастикаға қатысты.

«Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет.

Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқаншылдық болмауы керек. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды.

Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет».

Өте орынды ұсыныстар! – деп жазды сенатор.