Парламент Сенатының депутаты Амангелді Толамисов Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев көтерген мәселелер туралы пікірін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Билік пен халық арасындағы диалогті нығайту – еліміздің мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшсының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруда аталған институттың рөлі жылдан-жылға нығаюда. Сонымен қатар жыл өткен сайын Құрылтай жұмысы жанданып, жүйеленіп келеді. Түркістанда өткен екінші отырыстан бастап секцияларға бөлінетін жұмыс форматы іске қосылып, бүгінгі таңда төрт жұмыс секциясы жұмыс істейді. Олар: "Азаматтық қоғам", "Мәдениет. Өнер. Руханият", "Білім және ғылым", "Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму". Әр өңірден, әртүрлі саладан жиналған Құрылтай құрамы аталған секцияларда бағыттары бойынша жұмыс отырыстарында ұсыныстар талқыланады. Онда ғылым, білім, медицина, мәдениет, спорт саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері, еңбек және құқық қорғау саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ қоғам белсенділері мен жастар қозғалысының жетекшілері бар, – дейді ол.
Депутаттың сөзінше, қазір өңірлердегі теңсіздікті жою қажет.
– Ұлттық құрылтайдың басты миссиясы – қоғамның өзекті мәселелерін анықтап, талқылау ғана емес, оларға жүйелі шешуге сарапшылар қауымын жұмылдыру. Азаматтық институттардың, мемлекеттік құрылымдардың және қоғамдық бірлестіктердің интеграциясы ортақ мақсат – азаматтардың құқықтарын қорғауды және қауіпсіздік пен әлеуметтік игілікті қамтамасыз етуді көздейтін бастамаларды әзірлеуге, жүзеге асыруға бағытталады.Кейінгі жылдардағы еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуына серпіліс беріп жатқан реформаларды жүзеге асыруда құрылтай жұмысы да орасан зор үлес қосуда. Ұлытау, Түркістан және Атырауда өткен құрылтай отырыстарындағы ұсыныстар мен жүзеге асырылуындағы жұмыстар – соның дәлелі. Ел экономикасы мен аймақтар дамуына Мемлекет басшысының ерекше көңіл бөлуі, бүгінгі ұсыныстар тізбесіндегі барша жұртшылық көңілінен шығатын мәселе екеніне сенімім мол. "Біз Ұлттық құрылтайдың отырыстарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтарды айқындаймыз. Аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі.
Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр" "Меніңше, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Осы салаларда біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы негіз болады", – дейді Сенат депутаты А.Толамисов.