Бокстан Қазақстан құрамасының спортшысы Алуа Балқыбекова (50 келіге дейін) Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жегінде жеңіске жетті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Спортшы Солтүстік Корея құрамасының атынан сынға түскен Ан Кум Бёлге қарсы кездесуді сенімді өткізді.
ҚР ҰОК мәліметінше, Балқыбекова шаршы алаңда шебер өнер көрсетіп, жақсы қорғана білді. Сонымен қатар оның шабуылдары дәлдігімен ерекшеленді.
Сонымен қатар Аида Әбікеева бокстан Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалына шыққан төртінші қазақстандық спортшы атанды.
63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әбікеева жартылай финалдық жекпе-жегінде айтарлықтай қиындық көрген жоқ. Ол ресейлік Елена Бабичеваға қарсы кездесуді сенімді өткізді.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Аида жекпе-жек барысында басымдыққа ие болып, нәтижесінде төрешілердің шешімі бойынша 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Қазақстан құрамасының төрт боксшысы әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Бұған дейін Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (50 келі) және Виктория Графеева (60 келі) жартылай финалда жеңіске жеткен болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.