Әсіресе, қазір біз дамыған әлем деп танитын Еуропа елдерінің назары ұлы дала төріне ертеден түскен екен. Оны тарихи деректерден іздеген адам қиналмай табады. Мысалы, біз осы жолы Жетісу аймағына ат шалдырған екі ұлы жиһанкездің жазбаларын сараптап шықпақпыз.
Аткинсондар ат шалдырған ауыл
Жетісудағы Қапал өңірінің аты көне Еуропа жұртына ХVIII-XIX ғасырларда мәшһүр болған екен. Оның ішінде Тамшыбұлақтың даңқы әмбеге аян болыпты. Анығында, Ұлыбританияда Ұлы даланың бір пұшпағы жайлы мағлұмат мол екен. Қараңыз, қазақтың кең даласы мен тұманды Альбион алабының арасын байланыстыратын жазба деректерді алғашқы болып саяхатшы, жазушы Томас Аткинсон тасқа басып қалдырғаны тарихтан мәлім. Сонау 1844 жылы Орал мен Алтай тауларының аралығындағы Ұлы дала төсін аралап өткен ағылшын азаматы Аткинсон Алатаудың етегін де бойлай басып өтіпті. Нақтысында, Жетісу өңірінде шеру болып жатқан екен. Кезіндегі Қапал бекінісінде қыстап, жергілікті қазақтардың дәстүрі мен салтына қанық болған саяхатшы өңірдің тұмса табиғатына тамсаныпты. Ең ғажабы, Томастың тұңғыш баласы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Тамшыбұлақ ауылында дүниеге келген. Томас пен Люси ұлдарына Алатау – Тамшыбұлақ деп ат қойыпты. Қазір Алатау – Тамшыбұлақтан тараған ұрпақ Ұлыбритания мен Америкада тұрып жатыр. Ғажабы, 2016 жылы арғы аталарының кіндік қаны тамған өлкеге тәу ету үшін Аткинсондардың жаңа буыны Жетісуға келген болатын.
Айтпақшы, ағылшындар әдепкі ақсүйектігінен жаңылмай, бір кезде қазақ даласынан дәм татқан Томас Аткинсонның қызметі мен еңбектері жайлы зерделеп, зерттеп жеке кітап жазған. Оның ішінде Аткинсон қазақ ұлтының 1844 жылы жазып қалдырған тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы қызықты деректерге ерекше мән берген екен. Қазіргі британ саяхатшылары өркениетке ілескен Тәуелсіз Қазақстанды тануға да ынталы екен. 2019 жылы Талдықорғанға ағылшынның саяхатшы-жазушысы Джон Масси Стюарт келген болатын. Сол кезде 82 жасқа толған қарт қаламгер Жетісу оқырмандарына «Аткинсондар әулетінің Сібір мен қазақ даласында бастан кешкендері» атты кітабын таныстырған болатын. Ағылшын тілінде жарық көрген еңбек Еуропада сұранысқа ие екен. Кітапта Томас пен Люси Аткинсондардың Ұлы дала жайлы шынайы жазбалары мен салған суреттерінің тарихы, олар бірге өмір сүрген қазақ ауылының тағдыры жайында нақты деректер жарияланған.
Жалпы, Жетісу, оның ішінде Қапал өңірі ағылшын жиһанкезінің назарына неге ілікті деген қызық сауал туады. Бұл жерде таза табиғи фактор негіз болғанға ұқсайды. Өйткені Қапалдың бір жауһары – Тамшыбұлақ. 1859-1865 жылдары Жетісуды аралаған ұлы саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлиханов жергілікті халықтың аузынан Тамшыбұлаққа қатысты аңызды естіп, хатқа түсірген екен. Шоқан былай деп жазады: «Күн сәулесіне құбылған Тамшыбұлақтың тамшылары бірін-бірі сүйген сұлтанның қызы мен мал баққан жалшы ұлының көз жасы екен. Сұлтанның қызы Баян әр түн сайын осы қасиетті Тамшыбұлақтың шипалы суына келіп, басындағы ауыр халін айтып жылаған екен. Міне, тамшылап тұрған тамшылар – Баян қыздың көз жасы-мыс». Кейін Тамшыбұлақ топырағына Шоқан салған ізбен П.Семенов-Тянь-Шанский, Н.Абрамов, А.Голубев сияқты орыс өлкетанушылары келіп, табиғаттың сыйына тамсанып кеткен. Ел аузында жарқабақтан тамшылай аққан судың емдік шипасы жайлы түрлі әңгіме бар. Қыстың көзі қырауда да қатпай, тамып түсетін мөлдір тамшыда көз, асқазан, сүйек – буын, жүйке ауруларына дәрі болып, дем беретін қасиет бар екен. Ал жарды қаптаған жұқа балдыр қол-аяғы қақсаған, буын сыздаған, сүйегі сырқыраған жанға ең қажетті ем-дом дейді. Қазір Тамшыбұлақ Алматы облысының Ақсу ауданына қарайды. Көне Қапал бекінісіне, қазіргі ауылдық округ орталығына апаратын жол бойында мөлдіреп жатыр. Көрікті өлкеде тарихи мазмұнға толы орындар көптеп кездеседі. Нағыз туризм көзіне сұранып тұр.
Жалпақ Жетісу өңіріндегі Қапал өлкесінің атауы қазақтың соңғы бір ғасырлық тарихындағы жазбаларда жиі кездеседі. Тұмса табиғаттың таңғажайып сыйы іспетті бұл мекенге орыс отаршыларының аяғы тигенде империялық мақсатты көздеген әскери шенділер «Қапалдың қолға өтуі – Ұлы даланың оңтүстігіне ішкерлей енудегі жеңісіміз» деген көрінеді. Осылайша, Қапал бекінісінің іргесі қаланған.
Рубрук аялдаған қала
Егер «уақыт машинасына» отырып, осыдан тура 800 жылдай бұрынғы Жетісу аймағына сапар шегу мүмкіндігі болғанда, біз әйгілі саяхатшы Вильгельм де Рубрукпен жүздесер ме едік... Еуропада емес, өзіміздің жерұйық мекенде. Өйткені дәл 7 жарым ғасыр бұрын көне құрлықты дүбірлеткен француз мәдениетінің өкілі Ұлы дала төсіндегі өркениет ошағына қадам басқан еді.
Франция королі IX Людовиктің елшісі, саяхатшы Вильгельм де Рубрук Жетісуға алғаш рет аяқ басып, керуен жолының тоғысындағы ірі қалаға келгені жайлы былай деп жазады: «...көптеген көпес қатынап тұрған Қаялық деген үлкен қала таптық...». Саяхатшының ағысы қатты Іле өзені аңғарын бойлай өтіп, қазіргі Алматы облысының аумағындағы бірнеше арналы өзендерді кешіп өткеннен кейінгі суреттемесі осылай аяқталды. Яғни, 1253 жылы IX Людовик патшаның пәрменімен Орталық Азия аймағына сапарға шыққан Рубруктың Жетісуға келіп, көне Қойлық шаһарына бас сұққаны жайлы дерек нақты.
Рубрук жазбаларында «Қаялық» деп аталған көне қала қазіргі Сарқан ауданының аумағында жатыр. Біздің заманымыздың IX-XII ғасырлары аралығында Жібек жолы бойындағы ең ірі сауда орталығы мен керуен көшінің тоғысында болған қарт Қаялықтың құпиясы әлі толық ашыла қойған жоқ. Шаһар атауы да ауыздан-ауызға көше келе Қойлыққа айналған. Тіпті, Жетісудың шығысындағы өркениет ошағының нақты қай мекенде қоныс тепкені жайлы тарихшылар мен археологтердің арасында ұзақ дау болған екен.
Көне қала шежіресі жайлы тарихи деректерді алғашқы болып ұсынған қазақтың біртуар ұлы Мұхаметжан Тынышбаев болатын. Одан әріде Шоқан Уәлихановтың жазбаларында да Қойлық жайлы қызықты дәйектер кездеседі. 1964 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы барлау жұмыстарын аяқтап, көне қаланың Сарқан ауданы Антонов ауылының іргесінде болғанын анықтаған. Ал 1997 жылы археолог Карл Байпақовтың басшылығымен Қойлықта қазба жұмыстары басталды. Көне шаһардың атауы жаңғырып, Антонов есімін иеленген ауыл Қойлық аталды.
Қойлық қалашығы әлі күнге дейін құпиясын толық ашпаған тарихи жәдігер ретінде қалып отыр. Қазба жұмыстарының нәтижесінде осыдан 7 ғасыр бұрынғы өркениет өлшемін қолмен ұстатқандай дәйектер табылған. Мәселен, сол тұста Жетісу алабында будда, христиан және ислам діндері өркениетінің қатар дамығанына дәлел жеткілікті. Аршылған топырақ астынан мешіт, шіркеу, храм қалдықтарын көзбен көруге болады. Шығыс моншасы, түрік хамамы сияқты орындар да табылған. Қала ішінде коммуникация желісі де болғанына айғақ бар. Терең көмілген топырақ астынан шыққан қыш құбырлар ғимараттарға су жеткізу жүйесінің дамығанынан хабар берсе керек. Әрине, бүгінгі заман үшін 800 жыл бұрынғы өркениет дегеніңіз аңыз ғана...
Бүгінде Қойлық ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектептің ұжымы көне тарихтың шырақшысы болып отыр. Қазба орындарынан табылған жәдігерлер оқу орнының музейінде сақталуда. Мектептің оқушыларына дейін туған өлкесінің тарихы туралы аңыз әңгімені жатқа соғады. Осы мектептің қорында ауыл тұрғындары тауып алған қыш құмыралар, басқа да көне өркениеттің белгісі бар жәдігерлер көптеп сақталған.
Дерекке қарасақ, Қойлықтағы қазба жұмыстары ашық әдіспен жүргізіледі екен. Бұл жағдайда аспан астындағы үйінділерді жаңбыр суы шайып, жәдігерлерді бүлдіріп кетпес үшін қазба қабаттары қайта көміледі. Өкінішке қарай, бұл көне қаланың тарихи келбетін қалпына келтіруге кедергі болып отыр. Яғни, аршылған қазбаны көруге ынталы адамдардың қорғандарды аралауына жағдай жоқ. Бола қалғанда тарихи туризмнің көзі ретінде Қойлық қалашығының екінші ғұмырына жан бітер ме еді?
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Жетісу облысы