Көлік көп, жүргiзушi жоқ

Бүгінде Тараз қаласындағы автобус парктері жаңа кө­лік­термен толығып, жаңарғаны­мен әлі де болса түйіні тарқама­ған түйткіл көп.

Әсіресе, қо­ғам­дық кө­­л­іктерді басқаратын жүр­гізу­ші­лердің тапшылығы қос бүйірден қы­сып тұр. Сонда қала тұрғын­да­ры қоғамдық көлікті басқаруға неге құлықсыз? Қойылатын та­лап пен тәртіп қатаң ба, әлде мұ­н­ың басқада себептері бар ма?

Қазір Тараз қаласында «Авто­бус­ный парк 2020», «Әулиеа­та­Транс­­Пасс», RashLau, «Тараз­Транс­­Моторс», «Саяхат-99», «Са­пар­­­­Транс 2012», «Дамрус» жә­не  Smart City Service сияқты 8 та­сымалдаушы мекеме 43 бағыт бойын­ша қызмет көрсетеді. 

– Тасымалдаушы меке­ме­лер­де­­гі жылжымалы құрам саны 435 бір­лікті құрайды. Күнделікті қыз­мет көрсетуге 393 кесте (ав­то­бус) бекітілген. Оның ішінде 288-і соңғы үш жылда келген үл­кен сыйымдылықтағы жаңа ав­тобустар. Бұл қазіргі бағыт­тар­да күнделікті қызмет көрсетіп жүр­ген автобустардың 73 пайы­зын құрайды. 2023 жылы №10, №20, №56, №17 маршруттық ба­ғыт, былтыр №57, №50, №41, №18, №13 маршрут ашылған бо­латын. Сонымен бірге осы жы­лы 15 қаңтардан бастап, стан­са Талас-Ауыл береке базары ара­­лығына қатынайтын №62 мар­­шрут және 12 ақпаннан бас­тап Түрксіб-Бектөбе алқаптары ара­лы­ғына №37 маршрут қызмет көр­сетуді бастады, – дейді Тараз қ­аласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бө­лі­­мінің көлік және жолаушылар та­сымалдау секторының меңге­ру­­шісі Нұрлан Сапар.

Жалпы, жоғарыда аталған 8 ме­кемеде 554 жүргізуші жұмыс іс­­тейді. Дегенмен таңертең жұ­мы­­сына, кешкісін үйіне асыққан тараздықтардың көпшілігі аял­да­мада автобусты күтіп, ұзақ тұ­рып қалатынын айтып шағым­да­натыны жасырын емес. Мұның бас­ты себебінің бірі – автобус жүр­гізушілерінің тапшылығы. Жүр­гізушілер екі күн жұмыс іс­теп, екі күн демалыс алуы керек бол­са, кейбір автопаркте бұл қа­ғида сақталмаған. Одан бөлек,  таң­мен таласа тұрып жұмысқа шы­ғып, кеш бата келетін жүр­гізу­шілер жалақының мардым­сыз­дығын айтып қынжылады. Со­лардың бірі – кезінде «Әу­лиеата­ТрансПасс» жауапкерші­лігі шектеулі серіктестігінде жүр­­­гізу­ші болған, бүгінде Астана қа­­­­ла­сын­да нәпақасын тауып жүр­ген Нұржан Жолдасов есімді азамат.

– Мен жалпы «Әу­лиеата­Транс­Пасс» серіктестігіне алғыс­тан басқа айтарым жоқ. Сол жер­де көлік жүргізудің қыр-сы­ры­на қанықтым. Алайда  қысқа жіп күрмеуге келмеген соң амал­сыз Астанаға аттандым. Түсінікті етіп айтсам, Таразда айына 1 тең­ге тап­саңыз, елордада 3 теңге та­басыз. Сол бала-шағаның қа­мы деп алыс­та жүрміз. Таразда бір айда 26 күн істеп 320 мен 350 мың тең­ге аралығында жалақы алсақ, мұн­да 15 күн жұмыс істеп 900 мың, ал 22 күн рөлде отырсақ, 1 200 000 теңгені санап аламыз. Со­нымен бірге Таразда кезекті ең­бек демалысының ақысына 150 мың теңге түссе, Астанада 900 мың,  ал сауықтыру жәр­де­ма­­­­қысын қосқанда  2 миллион тең­ге қолға тиеді. Сонымен бірге әр мереке сайын қомақты сыйа­қы беріледі. Әрине, өз отбасың­ның қасында жұмыс істегенге не жет­сін?! Бірақ айына төлейтін 300 мың теңге кредитім бар. Сон­­­­дықтан көне шаһардағы ав­то­паркте жұмыс істейтін жүргізуші­лер Астана мен Алматы сияқты үл­кен қалаларға кетуге мәж­бүр­міз, – деп ауыр күрсінген Нұржан елор­дада тараздық талай жігіттің автобус айдап жүргенін тілге тиек етті.  

Сұлтанғазы Мұханов та жала­қы­ның жетіспеушілігінен Әу­лиеа­­тадан Астанаға табан ауыс­тыр­ған жүргізушінің бірі. 

– Жасыратыны жоқ, басты мә­селе айлыққа барып тіреледі. Сол баяғы жетіспеушілік. Айына 350 мың теңге кредит төлеймін. Та­разда табатын жалақым қарыз­дың өзін толық жабуға жетпейді. Бес балам бар, олардың тамағы, киімі бәрі қып-қызыл ақша. Өз­де­ріңіз білесіздер, қазір қымбат­шы­лық қос бүйірден қысып тұр. Сон­дықтан отбасын асырау үшін осын­да жүрміз. Таразда автопарк бізге сағатына 1 500 теңге төлесе, Аста­нада 2 300 теңге белгіленген. Оған түрлі сыйақыны, артық іс­те­ген күндердің ақшасын қо­сыңыз, кәдімгідей қаражат шы­ға­ды. Мен де отағасы ретінде жа­­­рымның, балаларымның жа­нын­да болғым келеді. Егер жала­қы­мызды көтерсе, ертең-ақ Та­раз­ға тартып кетер едім, – дейді С.Мұханов.

Жүргізушілердің пікірін білген соң, «Әулиеата­ТрансПасс» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің  директоры  Рашид Пірмановты сөзге тарт­тық. 

– Бүгінде біз шаһарда 17 ба­ғыт бойынша жолаушыларға қыз­мет көр­сетеміз. Әрине, сіз кө­теріп отыр­ған мәселе маған да, ме­нің әріп­тестеріме де өте таныс. Рас, Таразда автобус жүргізу­ші­лер­дің тап­шылығы сезіледі. Жал­пы, қан­дай да бір кәсіпорынның дамуы үшін ең әуелі жұмысшыға жағ­дай жасалғаны дұрыс, сонда ғана жұмысыңнан нәтиже бола­ды. Қазір біздің қаламызда жүр­гізіу­шілердің орташа жалақысы 350 мың теңгені құрайды. Жүр­гізу­шілер екі күн істеп, екі күн де­малады. Мөлшермен бір айда 15 күн жұмыс істейді деген сөз. Бас­қа ешқандай жұмысқа тар­тыл­майды. Ал Алматы, Астана қа­лаларында айлық бізбен са­лыс­тырғанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан да жүргізушілердің кө­бі сол алып мегаполистерге ке­тіп жатыр. Адам еңбегін біз де ба­ғалағымыз келеді, дегенмен өңір­дегі қаржылық жағдай қолы­мызды байлап тұр, – дейді  Ра­шид Сантөреұлы.

Тағы бір мәселе – тараздық ав­­тобус жүргізушілерінің айту­ла­рын­ша, жол полициясы себепсіз тоқ­татып, оларға  орын­сыз айып­­­­пұл салатын көрінеді. Сол се­беп­тен де өзі аз жалақымен жұ­мыс іс­теп жүрген жүргізіу­ші­лер басқа жұмысқа ауысып ке­те­ді. 

Осыдан кейін біз Жамбыл об­­лыстық Полиция департа­мен­тіне қайырылып, жүргізуші­лер­дің жанына батқан жағдайды сауал ретінде төтесінен қойдық. 

– Тексеріс ешқашан толаста­ған емес. Әсіресе, шаһардағы түр­лі іс-шара кезінде көліктер жиі тоқтатылып әкімшілік хат­та­ма толтырылып тұрады. Бұл – ав­тобус паркіне немесе жүргізу­ші­ге жасалып жатқан шара емес. Бұл тек халықтың қауіпсіздігі үшін қолға алынуда. Қатаң ба­қы­лаудың арқасында бұрынғыға қа­рағанда тәртіп бұзу азайып ке­леді. Десе де, осы жылы авто­бус­тардың қатысуымен 7 жол кө­лік оқиғасы болды. Сондықтан тек­серу жұмысы алдағы күндері де өз жалғасын таба береді. Бар­лығы да заң шеңберінде жүретін ша­ра, – дейді департаменттің бас­пасөз қызметі.  

Сонымен бірге автобус жүр­гізушілердің тапшылығы тек жо­­­­ғарыда аталған мәселелерге ға­на байланып тұрған жоқ. Ав­то­парк басшыларының айтуынша, оның тағы бір себебі – қала ішін­де автобус жүргізушілерінен D ка­тегориялы жүргізу құжаты та­лап етілетіндігінде. Егер D1 ка­те­гориялы жүргізушілерге авто­бус жүргізу құқығы берілсе, үл­кен мәселенің шешімі та­бы­лады екен. Себебі D1санатты жүр­гізушілер тек шағын авто­бус­тарды жүргізуге, ал  D катего­рия­лы жүргізушілер ғана 16-дан аса жолаушыны тасымалдауға құ­қылы. Бұл да жүргізушілер тап­шы­лығы мәселесін шешуге үл­кен кесірін тигізуде.

Әрине, байыбына бармай жа­тып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда жоғарыда айтылған мә­се­лелер кезек күттірмей шешілуді қа­жет етені анық. Бәлкім жүр­гізу­ші куәлігіне берілетін «D»  жә­не «D1» категорияларына қа­­­­тысты жаңа өзгерістер енгізу керек шы­ғар. Сондай-ақ автобус жүр­гізу­ші­лерінің жалақысын көтеру жо­лын да қарау қажет. Олай дей­ті­німіз – 14 наурыздан бастап Тараз қаласында жол жүру құны тағы қымбаттап отыр. Бұдан бө­лек, автопарк иелеріне берілетін субсидия мөлшері де жылда кө­беюде. Осыны ескере отырып, жа­лақы мәселесіне қатысты да бір өзгеріс енгізетін уақыт келген секілді. Әйтпесе, жүргізуші­лері­міздің барлығы үлкен қалаларды бетке алып, өзіміз жер сипап қалуы­мыз бек мүмкін.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы