Ана мен бала өміріне араша керек

Соңғы уақытта еліміздің көп аймағында жарық дүние есігін ашар-ашпас­тан сәбилер де, онымен қоса аналары да ажал құшып жатқан деректер азаяр емес.

Күні кеше өткір мәселе Атырауда өткен Парламент Мәжілісінің көшпелі отырысында тағы бір мәрте көтеріліп, талқыға түскен. 

6 жылда 19 мың сәби шетінеген

Мәжіліс депутаты Нартай Сәр­сен­ғалиевтың келтірген ресми деректеріне жүгінсек, елде соңғы алты жыл ішінде ғана 19 128 бала­дан айырылыппыз. Әсіресе, Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу және Ұлы­тау облыстарында ана құрса­ғына біткен бейкүнә шараналар мыңдап шетінеп кеткен. Елдің демография­лық ахуалына ауыр соққы болатын түйткілді мәселеге кел­генде, Ден­сау­лық сақтау ми­нистрлігінен бас­тап жалпы елдің тұтас денсаулық сақ­тау жүйесі қау­қар қыла алмай отыр.

Депутаттың дерегінше, елде 2019 жылы 3 360 сәби шетінесе, 2020 жылы 3 286, 2021 жылы 3 732 сәби қара жердің қойнына тап­сырылған. Сондай-ақ 2022 жылы 3 154, 2023 жылы 2 998 сәби тумай жатып жарық дүниемен қоштас­қан. Былтыр тағы 2 598 бала құн­дақ­талған күйі мәйітханадан шы­ғарылған. 

– Ресми органдар сәби өлімі­нің азайғанын алға тартады. Бірақ кейінгі бір жылдың өзінде екі жа­рым мың бөпеден айырылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Кейде көпшілік перзентханалар мен дәрігерлерді айыптап жатады. «Перзентханаға тірі барған аяғы ауыр әйелді табытпен қайтарған­дар жауап берсін» деп талап етеді. Кейде жұрт «Перзентханада дәрі­герге сыйақы бермесең, толғақ қысып, жаның көзіңе көрінгенде де көз қырын салмайды» деп ша­ғым­данады. Барлық ақ халатты жан­дарды айыптау да ағаттық, де­ген­мен саладағы солқылдақ­тықты жою қажет. Себебі ісіне салғырт қараған кей адамның кесі­рінен өмірін медицинаға ар­наған мың­даған білікті маманның атына кір келеді, – дейді депутат Нартай Сәр­сенғалиев.

Ақмолада ахуал мәз емес

Өкінішке қарай, жүкті әйел­дердің перзентханаға өз аяғымен келіп, табытпен шығу оқиғалары Ақмола облысында да азаяр емес. Тек соңғы бірер айдың ішінде ғана ай­мақта екі бірдей жүкті әйел аурухана кереуетінде көз жұмды.

Алғашқы қайғылы оқиға Есіл қаласында болды. Үш баласы бар, төртіншісіне аяғы ауыр әйел 27 қаңтар күні аудандық ауруханаға түскен. Жүктілігіне небәрі сегіз апта болған әйелдің құрсағынан қан кеткен. Әйелге алдына ала құрсақтағы шарана қатып қалған деген болжаммен ота жасалған. Шиеттей балалары бар 30 жастағы әйел отадан кейін ауруханада ұзақ жатудан бас тартып, үйіне кеткен. Дәрігерлер бұл күндері әйелмен тұрақты байланыста болып, ша­ғым түспегенін алға тартады. Олар­дың айтуынша, 29 қаңтарда әйел есік алдының қарын таза­лаған-мыс. Дереу жедел жәрдем­мен Есіл аудандық ауруханасына қайта түскен. Іштен қан кеткен әйелді аман алып қалуға дәрігер­лер ба­рынша әрекет еткенімен, шарана­сынан айырылған әйелдің өзі де ота үстелінде көз жұмады. 

Бұл оқиғадан кейін де арада ай өтпей Көкшетау қаласының туберкулез диспансеріне түскен 24 жастағы тағы бір әйел қаза тапты. Жүктілігіне бес ай болған жас әйел туберкулезбен ауырған. Бірақ ұзақ уақыт дәрігерлерге қаралмаған болып шықты. Ал­ғаш­қыда емдеу­ден үзілді-кесілді бас тартқан ке­ліншек түсіндірме жұмыстарынан кейін 17 қаңтарда ауруханаға жат­қызылған. 20 ақ­панда туыстарының талабымен қол­хатпен үйіне жібе­рілген. Алай­да 21 ақпанда жағдайы күрт на­шар­лап, қатты демігіп ая­ғын ауыр­сына берген. 22 ақпанда жұ­байы ауруханаға қайта жеткізіп, дәрігерлер шұғыл ауруханаға жат­қызған.  Бұл әйел де жүрек-қан­тамыры жеткіліксіздігінен дәрі­гер­лер қанша жанталас­қаны­мен, өмі­рін арашалай алмады. 

Вице-министр өңірді өткір сынға алды

Бірінен соң бірі болған екі бір­дей өлімнен кейін өңірге арнайы ат басын бұрған Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев та өңірдегі денсаулық сақтау сала­сының былыққа батып жатқанын айтып, жергілікті ақ халаттыларды сын садағына алды. Облыстың басқарма басшыларынан бастап бас дәрігерлерге дейін шүйліккен министр орынбасары түйткілді жағдай туралы есеп беру жөнінде қадау-қадау тапсырмаларды жүк­теп кетті. 

Вице-министрдің ашуына түрткі болған мәселе де өңірдегі ана мен бала өлімі көрсеткішінің күрт өсуі болған. Оның ішінде Есіл қаласы мен Көкшетау тубер­кулез диспансеріндегі екі бірдей өлім министрліктің тікелей осы мәсе­леге мән беруіне себепші бо­лыпты. Вице-министр Ержан Нұр­лыбаев­тың айтуынша, қос шаңырақты ортасына түсірген бұл қайғылы жағ­дай­лардың алдын алуға да мүм­кін болғандай.  Деген­мен екі жүкті әйел өлімінің нақты себебі мен алдын алуға болар-болмасын са­рап­тама қорытын­дысы анық­тамақ. 

Қысқа мерзімдегі министр орынбасарының өңірдегі сапары облыс орталығында аурухананы аралаумен басталып, одан кейін жиналыс өткізумен жалғасты. Жиын барысында республикалық мониторинг жұмысының қоры­тын­дылары да жария етілді. Оның нәтижесі облыс үшін көңіл қуан­тарлық жаңалық емес. Отырыс барысында Ержан Нұрлыбаев жер­гілікті босандыру ұйымдары­ның басшылығына бірқатар сын-ес­кертпе айтып, болашақ аналар­дың денсаулығын сақтау үшін алдын алу шараларын қабылдау, сондай-ақ жүктілік кезінде меди­циналық көмектің сапасын арт­тыру, босан­ғанға дейінгі бақы­лауды күшейту, бұл үшін барлық кадрлық және тех­никалық ре­сурс­тарды шо­ғырлан­дыру қажет екенін атап өтті. Сарапшылармен бірлесіп инфек­циялық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету жөніндегі жағдай, сондай-ақ республикалық орталықтың ана өлімін төмен­детудегі рөлі талқы­ланды. 

Өз кезегінде сөз тізгінін алған облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының орын­басары Елена Иванова облыста босандыру қызметін ұйымдастыру туралы ба­ян­дады. Ол босандыру мәселе­лері­не кешенді көзқарас үшін Ақмола облысында 2025-2026 жылдарға арналған ана мен бала өлімі жағ­дай­ларын азайту жоспарының жо­басы дайындал­ғанын атап өтті. Құжат бейінді мамандарды тарту­ды, жаңа жаб­дықтарды сатып алуды, дәрігер­лердің біліктілігін үздіксіз арт­тыруды, акушерлікте ағза сақ­тай­тын операциялар бо­йын­ша ше­берлік сағаттарын өт­кізуді көз­дейді.

Қалай дегенмен де өңірге рес­пуб­ликалық және облыстық бюд­жет қоржынынан миллиард­таған қаражат бөлінгенімен, ай­мақ­тағы медицинаның ахуалы алаңдатар­лық. Әсіресе, ауылдағы меди­цинаның жай-күйі тіпті құлдырап кеткен. Вице-министр келесі есеп беруді анықтау үшін бір апта уақыт беріп, сондай-ақ жазғы уақытта бірлесіп облыстық алқа мәжілісін өткізетінін де атап өтті. Бұл уақыт ішінде аурулардың өсуінен бастап нысандарды күрделі жөндеуден өткізу сияқты басқа да өзекті мә­селелерді жете анықтап, аурухана­лардың бас дәрігерлері бойынша мәселелер шешілмек.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы