Қайырымды жүрек қартаймайды

Наурыз мерекесін тойлаудың он күндік тұжырымдамасына сәйкес 15 наурыз – Қайыр­ымдылық жасау күні болып белгіленген. Бұл күні қазақ халқының ұлт­тық дәстүр, әдет-­ғұрып, салт-санасында қалыптас­қан қайырымдылық, жом­арттық сынды­ құндылығының маңыз­дылығы тереңдей түспек.

Қазақта «Ақсұңқар жемін шашып жейді, қарға басып жейді» дей­тін тәмсіл бар. Бұл – қазақтың ұлттық танымындағы жомарттық, ізгілік, қайырымдылық секілді қағида­лары­на мағына беретін, бейнелеп түсіндіре алатын, суреттеп жеткізе алатын мазмұны терең ұғым.

Жалпы, халқымыз қайырым­ды­лықты қанға сіңген қасиет сан­айды. Заманалар тезінде шыңдал­­ып, бабадан балаға мұра болып бү­гінге жеткен асар жасау, сауын айту, жылу жинау, қонақжай, сый-сияпат, сыпыра жақсылық секілді салт-дәстүр, әдет-ғұрып қағида­лары өзгеге көмектесу ниетінен туып, заңдылыққа айналған әдет екені анық. Қазірге дейін қазақ отбасында «уызынан жарыған ұр­пақ» өсірудің, оның тұла бойына обал, сауап, ұят ұғымын ұялатып, балғын сананы бауырмалдыққа баулудың маңызы зор және бала тәрбиесі көбіне мейірім, әдеп, ізгілік бағытында өрбитіні де қайыр­ымды ұрпақ өсіру арманы­нан туған мүлтіксіз міндет екені даусыз. Ал «Қанағат қарын той­ғыза­ды» дейтін қазақ үшін бай­лық­қа жету мұрат та, міндет те, парыз да емес. Қазақтың аңсары – мейірімге «малынған» мәңгі ба­қытты ел болу. Жомарттық, мәрт­тік ұғымының халқымыз үшін қас­терлі, киелі саналатыны да сон­дықтан.

«Қазақ мәдениетінде қайыр­ымдылық, ізгілік және жомарт­тық – атам заманнан қоғамның тұрақты­лы­ғын сақтауға, адамдар арасын­дағы қарым-қатынасты ны­ғайтуға бағытталған негізгі құн­дылықтар. Бұл қасиеттер қазақтың ұлттық болмысының ажырамас бөлігі. Тарихымызға тереңірек үңілсек, қазақта  кедей деген адам­ның өзінде отбасын асырауға малы болған. Жағдайы бар туыс­тар қарай­ласып, мұқтаж адамдарға көмек көрсеткен. Қайырымдылық салт-дәстүрлерімізде де бар», – дей­ді Президент жанындағы әйел­дер істері, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Гүлнар Омарова. 

Адамзат жаратылысының ал­ғау­сыз арманы да қайырымды, идеал қоғам құру десек қателес­пейміз. Егер әлем халықтарының барлығының дерлік фольклорына, ертегілері мен аңыздарына үңіле­тін болсақ, әр халықтың арман аң­сары – мәңгілік бақытқа кенел­ген ел, мемлекет құру болғанын ұға­­м­ыз. Мәселен, антикалық дәу­ір­дің өзінде, әсіресе класси­калық кезеңдегі грек философ­тары Сок­рат, Платон, Аристотель­дер мінсіз ізгілікті қоғам құру жол­дары тура­лы трактаттар жаз­ды, әділдік, әдеп­­тілік жайында шығармалар тудырды. Қазақтың түркілік тан­ым аясындағы әде­биет­інде мәң­гілік өл­мейтін қалып күйді іздеп сар да­лада қобызын күңір­енткен Қор­қыт, желмаясына мініп Жер­ұйық­ты іздеген Асан­қайғы, «Әлем­нің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайыр­ым­ды қала тұрғындары­ның көз­қарастары тура­лы трак­тат» сияқ­ты талай із­деністер мен ең­бек­тер адамзат қоғамының бақытты тұрмыс кешуі жолындағы аңсары­нан туған ар­ман емес пе.

Ата-бабаларымыздың «Қай­раны жоқ көлден без, қайырымы жоқ елден без» дегені тегін емес. Қайырым мен мейірім болмаған жерде қоғам қатыгезденеді. Адам­зат баласы үшін бәрінен де «Жақ­сы­лық жасап, жарысқан қоғам» қайырлырақ. Британдық Charities Aid Foundation қайырымдылық қоры құрастырған World Giving Index-2024 зерттеулеріне сәйкес, был­тыр әлемде 4,3 млрд адам жақсылық жасап жарысқан, мұқ­таж­­дарға қарайласып, көмек бер­ген. Бұл (World Giving Index-2024 рейтингі) рейтинг бойын­ша Қа­зақстан халықының жомарттығы 142 мемлекеттің іш­ін­де 113-орынға бағаланыпты. Яғни, қайырым­дылық бойынша жаһандық рей­тинг­те еліміздің көр­сеткіші бір­шама төменге сыр­ғы­ған. ТМД елдерімен салыстыр­ғанда, әлдеқайда төмен көрсет­кіш­ке ие екенбіз. World Giving Index-2024 рейтингі тізімінде Ресей – 45-орында, Өзбекстан – 44-орында, Қырғыз Республика­сы – 42-орында. 2023 жылы еліміз бұл тізімде  107-орын­да болғанды.

Дегенмен соңғы жылдары елі­мізде қайырымдылық қор­лары­ның саны артып, онымен айна­лысатын еріктілер көбейген. 2016 жылы Волонтерлер қызметі тура­лы ар­найы заң қабылданды. Бұл заң елімізде алғаш рет волон­тер­ліктің тұрақты, жүйелі дамуы­ның іргета­сын қалады деуге бола­ды. Мәселен, 2018 жылы Qaz­­volunteer.kz плат­формасы құрыл­са, 2020 жыл «Ерік­тілер жылы» деп жария­ланды. 

Бүгінде елімізде ресми 755 волонтерлік ұйым, 2 мың баста­машыл топ, 275 мың белсенді волон­тер, оның ішінде 3,5 мың «Күміс» волонтер жұмыс істейді.

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурс­тық ортылығы» КММ, еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Айзат Әбиболлақызының айтуынша, еліміздің еріктілері БҰҰ құрылымдарында да игі істің жаршысы болып жүр.

«Халықаралық волонтерлік белсенді дамып келеді. Ұлттық волонтерлер фронт-кеңсесінің жан­ында 2023 жылдан бастап Халықаралық волонтерлік орта­лық жұмыс істейді. 2024 жылдың қыркүйек айында 7 Қазақстандық волонтер БҰҰ құрылымдарына Түркия, Кения және Таиланд сияқ­ты елдерге жұмысқа жібер­ілді. Президент Қ.Тоқаевтың тап­сырмасы бойынша 2020 жылы Қазақстанның дамуына үлес қос­қан үздік қазақстандық және шет­ел­дік еріктілерді ынталандыру үшін «Жыл волонтері» халық­ара­лық сыйлығы тағайындалды. 2020­-2024-жылдар аралығында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан 234 волон­тер сыйлық алды, – дейді ол. 

Мемлекет тарапынан азамат­тардың волонтерлік қозғалысқа белсенді қатысуы үшін барлық жағдай жасалып, волонтерліктің даму­ына ықпал етуде. Үкімет Қа­зақстан Республикасының 2024-2026 жылдарға арналған волонтер­лікті дамыту мен қолдаудың жаңа Жол картасын бекітті. Алайда волон­терлар қызметі үшін жалақы қарастырылмаған. Соған қарамас­тан астаналық еріктілер жақсылық жасаудан жалыққан емес. Қала­лық волонтерлер штабы тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 4 ҮЕҰ-мен мемлекеттік жастар сая­сатын іске асыру саласында, кә­сіп­орындар және қала меценат­тары­мен ынтымақтаса бірлескен қызмет атқарады.

«Жыл сайын «Астана жастары» ЖРО қала бойынша волонтерлік бағыттарды кеңейтеді, мысалы, биыл «Қауіпсіз қала» жобасы шең­берінде тұрақты негізде волон­тер­лер халықты газдандыру туралы, жылыту маусымы мен көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы, шомылу мау­сым­ындағы сақтық ережелері туралы ақпараттандыру жұмыс­тары­на тартылады. Ал қо­ғамдық мүлікке зиян тигізбеу, тыйым салынған заттарды сатпау бойын­ша StopVandal акциясы ұйымдас­тыр­ылса, жастарға арнал­ған мем­лекеттік бағдарлама­лар туралы ақпарат беретін «Үздік» жобамыз бар. Осы сияқты басқа да жобалар­дың арқасында волон­терлік ұйым­дар ғана емес әлеумет­тік бағыттағы барлық мекемелер қалалық волон­терлер штабымен ынтымақтаса жұмыс істейді. Волон­терлар «Қам­қорлық мекен­жайы» акция ая­сында жалғыз тұратын аталар мен әжелерге бар­ып, үй жұмыстарына көмектеседі, жеке аумақтардағы қарды тазарта­ды, азық-түлік се­беттерін тарата­ды. Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарына қыстың суық күндерінде бауырсақ пен ыстық шай таратуды әдетке айналдыр­дық», – дейді астаналық Еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Айзат Әли.

Оның айтуынша, қазақ мә­дениетінде жомарттық пен қай­ыр­ымдылық – бағзыдан бері ұр­пақ­тан-ұрпаққа жалғасып келе жат­қан құндылық. Волонтерлік қызмет осы дәстүрлердің қазіргі заманға сай жалғасы деп айтуға болады.

– Қазақ халқы әрдайым «Жақ­сылық қылсаң – қайтарымын күтпе», «Қайырымды жүрек қар­таймайды» деген ұстаныммен өмір сүрген. Бүгінгі волонтерлік қоз­ғалыстар да осы қағидаларды ұстанады – олар шынайы жана­шыр­лық пен ортақ игілік үшін қыз­мет етеді. Қорыта айтқанда, волонтерлік  біздің ұлттық бол­мы­сымызға жақын ұғым. Оны жаңа буынға жеткізіп, дамыту – қоғам­ның жауапкершілігі, – дейді маман.

Ал Президент жанындағы әйел­дер істері, отбасы-демо­гра­фия­лық саясат жөніндегі Ұлт­тық комиссия мүшесі, Гүлнар Омар­ова­ның айтуынша, еріктілер қыз­меті – қазақ халқының дәстүр­лі құндылықтарымен толық үн­десе­тін игі іс, түпкі мәні өзгерген жоқ. Қазақтың қанында бауыр­малд­ық қасиет бар. 

– Сондықтан халқымыздың болмысы табиғатынан ізгілік жол­ында жомарт, мәрт болуға бейім. Бұл – қалыптасқан заңдылық. Бірақ кейде әлеуметтік желілерде қаптап кеткен қайырымдылық қор­лары мен ауруына шипа тілеп, сауға сұраған адамдардың көпті­гіне қарап жүрегім ауырады. Тіпті, кейде мұқтаж жандарды пайда­ланып, өзінің құлқын құлы болып кеткендер туралы да естіп жата­мыз. Мұндай арам ниеттен, таяз түсініктен халық зардап шегеді. Халықтың жақсылыққа деген сеніміне селкеу түседі. Адам­дар­дың әлсіз тұсын пайдалану, көп­шілікті алдау адамдар арасында өшпенділік, қатыгездік секілді жаман әдеттерге жол ашады. Менің бір тілегім – қазақтың кең­пей­іл, ақ ниеті ұрпағымызға дары­са екен. Ұрпағымыз «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы ұстанып, бауырмалдық қасиеті­міз­ді жоғалтып алмаса деп тілей­мін, – дейді Г.Омарова. 

«Биеден ала да туады, құла да туады» дегендей, адамның бәрі бірдей емес. Абыз Бұқар жырау­дың «Ақсұңқар құстың баласы, Ұяда алтау болмас па, Ұяда алтау болғанмен, Біреуі алғыр болмас па? Бірге туған ұялас, Бізге сауға демес пе, Өзі аштан өлсе де, Айыр­ып жемін бермес пе?» дей­тін аталы сөзі бар. Яғни, Бұқарша айтсақ, «өзі аштан өлсе де, айыр­ып жемін беру» алғырлыққа тән болса, қазақтың ұлттық таны­мын­­дағы қайырымдылық бақыт­қа кенел­ген мәңгілік мінсіз ізгі­­лік­­ті қо­ғам құру жолында «жет­ім­ді жыл­ат­­пай, жесірді қаң­ғытпай», жоқ-­жітікке пана, «ала жіпті ат­та­­май» уәдеге берік, серт­ке адал­дық­пен өлшенсе керек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ