11 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat.» ұлттық сараптама алаңында «Саясатқа арналған ғылым» жүйесін қалыптастырудағы ынтымақтастық перспективалары» тақырыбында отырыс өтті.
Іс-шара аясында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов пен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Басқармасының президенті Ақылбек Күрішбаевтың қатысуымен ҚСЗИ мен ҰҒА арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесуді аша отырып, ҚСЗИ директоры ғылым мен ғылыми-техникалық саясатты реформалау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан үш жыл бұрын бастау алған әлеуметтік-саяси және әлеуметтік-экономикалық кешенді реформаларының маңызды бағыттарының біріне айналғанын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы елдің прогрессивті дамуын қамтамасыз ету үшін өзгерістерге тез бейімделіп, жаңа өсу нүктелерін үнемі іздестіру маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл стратегиялық міндетті жүзеге асыруда ғалымдар мен сарапшыларға ерекше міндет жүктеді. Бұл процеске Президент жанындағы жетекші екі аналитикалық және ғылыми орталық – Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Ұлттық ғылым академиясы жетекшілік етуі керек. Біздің зерттеулеріміз мемлекеттік саясатты әзірлеуге, ұлттық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, экология және басқа да негізгі салалар мәселелерін шешуге негіз болуы керек», - деді Еркін Тұқымов.
ҚСЗИ директоры Ұлттық ғылым академиясының басшылығына ғылымды мемлекеттік басқаруға интеграциялауға, стратегиялық шешімдерді әзірлеуге және елдің инновациялық дамуын қолдауға бағытталған жүйелік тәсілге негізделген тиімді синергетикалық өзара іс-қимылды құруды ұсынды.
Осы мақсатта жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстанның даму болжамдарын әзірлеу үшін ҚСЗИ мен ҰҒА жанынан ғылыми сараптама кеңесін ұйымдастыру, мемлекеттік басқару үшін дәлелді саясаттың бірыңғай стандарттарын әзірлеу, мемлекеттік органдар мен саяси институттарға қолжетімді өзекті зерттеулердің нәтижелері енгізілген ғылыми-сараптамалық дерекқор құру, мемлекеттік стратегиялар мен бағдарламаларға міндетті ғылыми сараптама жүргізу механизмін енгізу, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ғылыми мониторингтеу және жаһандық сын-қатерлерге жедел әрекет ету жүйесін әзірлеу ұсынылады. Бастамалардың бірі – халықаралық қатынастар саласындағы сарапшыларды Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы базасында тілдік даярлықтан өткізу.
«Біз Қазақстан үшін аса маңызды елдер мен өңірлер – Қытай, Ресей, АҚШ, Орталық Азия бойынша маманданған елтану мектептерін дамыту қажеттілігін бірнеше рет атап өттік. Негізгі мәселе – зерттелетін елдердің тілін меңгерген мамандардың аздығы. Осыған байланысты елтану және өңіртану саласындағы мамандарды тілдік даярлау үшін ҚР Ұлттық ғылым академиясының ресурстары мен әлеуетіне үміт артамыз», – деді Е. Тұқымов.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Басқармасының президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық болжау, болжамды талдау және форсайттық зерттеулер мәселелеріне баса назар аударды.
«Бүгінгі таңда Ұлыбритания, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея сияқты әлемдегі жетекші елдер мемлекеттік стратегияларды әзірлеуде ғылыми негізделген болжау әдістерін белсенді қолданады. Британдық Horizon Scanning Programme Үкіметке ұзақ мерзімді қиындықтарды болжауға мүмкіндік береді, ал американдық сараптамалық орталықтар, соның ішінде RAND Corporation және National Science Foundation Big Data Analytics экономика, қауіпсіздік және инновация мәселелері бойынша сараптамалық ұсыныстарын беруде. Жапонияда NISTEP басқаруындағы форсайт жүйесі технологиялық трендтерді ондаған жылдарға алдын ала талдау жүргізеді, ал Оңтүстік Корея нақты уақыт режимінде саяси шешімдерді бақылау және бейімдеу үшін жасанды интеллектті енгізуде» - деп атап өтті ҚР ҰҒА Басқарма Президенті.
Ақылбек Күрішбаевтың пікірінше, осындай тәжірибелерді Қазақстанға бейімдеу Үкіметті жаһандық сын-қатерлерге жедел назар аудару және ұзақ мерзімді стратегияларды әзірлеу үшін ғылыми тетіктермен қамтамасыз ететін болжаудың зияткерлік жүйесін құруға мүмкіндік береді. «Саясатқа арналған ғылым» жүйесін қалыптастыру бастамасы аясында Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты үздік әлемдік тәжірибелер мен цифрлық технологияларды қолдана отырып, аналитикалық экожүйе құрылып, ол деректерді талдау мен стратегиялық болжаудың озық әдістеріне негізделген елдің орнықты дамуы жолындағы маңызды қадам болмақ.
«КИСИ GPS» отырысына ҰҒА Бас ғылыми хатшысы Исмаил Тоқбергенов, ҰҒА жанындағы Жер, ғарыш және коммуникациялар ғылымдары орталығының жетекшісі Елена Шевченко, ҰҒА жанындағы Агробиоресурстар және экология ғылымдары орталығының жетекшісі Жанна Алманова, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев және басқа да белгілі қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ