Басқарма басшысы қызмет бабын асыра пайдаланып, заңсыз жолмен бюджет ақшасын жымқырған

Басқарма басшысы қызмет бабын асыра пайдаланып, заңсыз жолмен бюджет ақшасын жымқырған
Ол қарамағындағыларға сыйақы жазып беріп, оның жартысын өзі алған.

Павлодарда Ветеринария басқармасының бұрынғы басшысы сотталды. Ол қызмет бабын асыра пайдаланып, заңсыз жолмен бюджет ақшасын жымқырған, деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Іnbusiness.kz сілтеме жасап.

Павлодар облысы Ветеринария басқармасының бұрынғы басшысы Айдар Увалиев мемлекеттік сатып алу конкурстарынан ақша жымқырудың түрлі айла-шарғыларын ойлап тапқан.

Соның бірі  Екібастұздың ауылдық аймағындағы мал қорымдарын тазалау қызметі. Байқауды жалған фирма жеңіп шыққан. Сөйтіп, тендерден ұтып алған қаражаттан Увалиевтің шотына 1,5 млн теңге аударған. Фирма тазалық жұмысымен айналыспаған, оны жергілікті ветеринарлар атқарып келген. Ол бұл қаражатқа несиесін жаптым деп ақталған.

Шенеунікке тағылған тағы бір айып – ол қарамағындағыларға сыйақы жазып беріп, оның жартысын өзі алған. Осылайша, 780 мың заңсыз табыс тапқан.

Аталған деректер бойынша, А.Увалиевке қатысты қылмыстық із қозғалып, істің нүктесін Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қойды. 

– Айдар Увалиев ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Әрі ол мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына айрылды, – деп хабарлады қалалық соттан.