Жаңару күні: қоршаған ортаны қорғаудың тетігі – ағаш отырғызу

Бүгін 19 наурыз – Жаңару күні. Наурызнама онкүндігі дәстүрлі түрде жалғасын тауып, республика бойынша атап өтіп жатыр. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлау жаңаша сипатқа ие болды. Наурызнама онкүндігі енгізілді.

Наурызда жер тоңы жібіген соң айналаны тазалап, ағаш отырғызады. Президент халыққа Жолдауында: «Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғай жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет», – деген болатын. 

Орман-тоғайдың қатарын көбейту бүкіл елді жұмылдыратын халықтық идеяға айналдыруды мақсат етіп отыр. 

Соның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арал теңізіндегі 1,1 миллион гектар алқапқа сексеуіл егіледі. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, теңіздің құрғаған табанына 2020 жылға дейін 195 мың гектар аумағына өсімдік отырғызылған. Аралдың құрғаған табанының 2,8 млн гектары Қазақстанға тиесілі.

Егер ағаш отырғызса, тұз бекіп, құмның көшіне тосқауыл болмақ. Бүгінде табиғи жолмен өскен ағаштарды қосқанда, жалпы орман алқабы 337 мың гектар. 2021 жылдан бері 1,1 миллион гектар алқапқа сексеуіл егу үздіксіз жүргізіліп келеді. Соңғы 4 жылда 475 мың гектар алқапқа ағаш отырғызылды. Аралдың табиғатын зерттеген ғалымдар бір түп сексеуілдің 4-5 тонна құмға тосқауыл болатынын дәлелдеген. Сондықтан Президент тапсырмасына сәйкес, Арал аймағындағы 1,1 миллион гектар аумаққа сексеуіл егіледі. Мамандар Аралда сексеуіл отырғызу үшін 753 мың гектар жердің топырағын зерттеді.

Аралдың экологиялық проблемасының шешімі ағаш  отырғызу, жасыл желектің көлемін арттыру. 

Қоршаған ортаға жанашырлық танытып, тазалық сақтауға әр азамат үлес қосуы тиіс.

Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан «Таза Қазақстан» жобасына 6,5 миллионға жуық адам қатысты. Акция аясында қатысушылар 1,1 миллион тоннадан астам қоқыс жинады. Шамамен, 1,6 миллион ағаш отырғызылды. Айнала қоқыстан тазартылды.

Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы негізінде  «AMANAT» партиясы әр апта сайын «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізді. Партияның 12 мың мүшесі мен «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері аумақтарды қоқыстан тазалады.

Тұрғындардың шағымын қабылдайтын  @TazaQazBot Telegram чат-боты іске қосылды. Осыған дейін 10 мыңнан астам өтінім түсті. Оның 9,7 мыңға жуығы шешімін тапты. Тұрғындар аумақты жинау, көшені абаттандыру, үйілген қоқыстарды шығару туралы өтінішті көп айтады. 

 

Идея сәтті жүзеге асуы үшін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы әлі де жалғасып жатыр. Қоқысқа көмілген алқаптар саны азайды. Күре жолдың бойы қоқыстан тазарды. «Таза Қазақстанға» миллиондаған азамат атсалысты. Нәтижесінде, қоғамда тазалық мәдениеті қалыптасты. 

Әр аймақта жыл бойы үздіксіз жүргізілетін акция халықтың қолдауына ие болды. Жастар да белсенді атсалысып отыр. 

«Таза Қазақстан» – жай науқан емес 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Наурыз мерекесі қарсаңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымын қоғамда терең орнықтыру қажет екенін атап өтті.

«Таза Қазақстан» – жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Оның түпкі мазмұны көшені, ауланы тазалаумен шектелмейді. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысы бар мәселе, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастама. Мен осы жерде "Таза Қазақстан"-ның тағы бір сипаты – азаматтарымыздың сана-сезімі мен жан дүниесінің тазалығы екенін атап өткім келеді. Рухани тазалық – ұлт сапасын айқындайтын маңызды фактордың бірі. Демек, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ата дініміз де оң ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы.

«Таза Қазақстан» аясында өткен сенбілік университеттің келбетін жақсартуға және студенттер мен қызметкерлер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шараға ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері және 16 факультет студенті қатысып, қоқыстарды тазарту, ағаш отырғызу, спорт және оқу алаңдарын ретке келтіру, жасыл аймақтарды абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылды.

Мыңға жуық студент сенбілікке қатысты

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпы университеттік сенбілік өтті.

Қоғамда қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында еліміз бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына университет қызметкерлері мен университет факультеттерінен жалпы саны 1 000-ға жуық студент қатысып, белсенділік танытты. 

Сенбілік барысында студенттер оқу ғимараттары мен жатақханалардың айналасын ретке келтіріп, көгалдарды қоқыстардан, жапырақтардан және сынған бұтақтардан тазартты. 

Айта кетейік, аталған акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде жүріп жатыр.

Бұл игі бастама университет қабырғасындағы студенттерге экологиялық жауапкершілікті сезінуге, қаланың тазалығына үлес қосуға және қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсінуге мүмкіндік берді.

Абай атындағы ҚазҰПУ ұжымы алдағы уақытта да экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында түрлі шараларды жалғастыруды көздеп отыр.

Жаңару күні – жаңа бастама мен жаңашылдықтың уақыты 

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Жаңару күніне орай университет территориясы мен ғимараттарында тазалау және жөндеу жұмысын жүргізді. Бұл іс-шара Наурыз мерекесінің  Наурызнама  онкүндігі аясында ұйымдастырылды.

Тазалық жұмыстарында университеттің әкімшілік басқару құрамы мен студенттері бірлесе еңбек етті. Әрбір қатысушы өз үлесін қосып, университет аумағын тәртіпке келтіріп, айналаға жаңа тыныс берді. Бұл күн тазалық, тәртіп және жаңарудың мәнін ұғындыруға арналды.

«Жаңару күні – жаңа бастамалар мен жаңашылдықтың уақыты. Біз үшін тазалық тек физикалық жұмыс қана емес, ол қоғамдағы жауапкершілік пен өзара түсіністіктің белгісі»,  дейді университет қызметкерлері.

Наурыз мерекесі қарсаңында университет аумағында атқарылған жұмыстар оқу орнының жаңа жылды жоғары деңгейде және жарқын бастауымен қарсы алуға бағытталған. 

Мұндай шаралар білім ордасының тазалық пен тәртіпке деген ұстанымын нығайтып, студенттер мен оқытушыларға мерекені жайлы және таза ортада қарсы алу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар бұл жұмыстар қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен ұқыптылықты арттыруға ықпал етеді. 

«Таза Қазақстан» – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етті

«Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы – елімізді экологиялық тұрғыдан таза, жасыл әрі көркем етуге бағытталған кешенді шаралардың бірі. Бұл бастама аясында Сәтбаев университетінде ұйымдастырылған акция экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жастар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етті.

Аталған шара университет басшылығының қолдауымен өткізілді. Оған университет ректоры Мейрам Мұхаметрақымұлы бастаған басшылық өкілдері мен студенттер белсене қатысты. Қатысушылар жатақхана маңындағы аумақты мұқият тазартып, қажетсіз қалдықтарды жойып, табиғатты қорғауға арналған жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар  арнайы белгіленген аумақта ағаш отырғызу арқылы жасыл белдеуді кеңейтуге елеулі үлес қосылды.

Бұл игі бастама тек университет аумағын абаттандырумен шектелмей, жастардың экологиялық санасын қалыптастыруға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға және қоғам игілігіне үлес қосуға бағытталды.

Студенттер мен университет әкімшілігінің бірлескен еңбегі табиғатты қорғау жолындағы белсенділік пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналды. Әрбір қатысушы өз үлесін қосу арқылы таза әрі қауіпсіз ортаның маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Фото: Akorda.kz, "AMANAT" партиясының баспасөз қызметі, Үкіметтің және оқу орындарының баспасөз қызметінен алынды.