Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді азайтудың арзан әрі тиімді тәсілі табылды

«Жаман» холестерин деңгейін төмендетудің ең тиімді тәсілі табылды. Ол жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлімнен жүздеген мың адамды сақтап қалады. Ескерту. Медициналық препараттарды дәрігерлердің кеңесімен ғана қабылдау керек.

Medical Xpress ғылыми журналында жарияланған мақаланы негізге алған Aikyn.kz, жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын өлімді азайтудың тиімді тәсілін талдайды.

Холестеринді төмендетуге арналған біріктірілген терапия емдеудің алтын стандартына айналуы керек. Фото newcastleherald.com.au сайтынан алынды

Бұған дейін жоғары қауіп тобындағы пациенттерге холестерин деңгейін төмендететін біріктірілген терапияны бірден тағайындау керек пе, әлде алдымен оларға жоғары дозалы статин тағайындап, екі айдан кейін оның әсерін бақылап, содан кейін ғана эзетимиб қажет пе екенін шешу керек пе деген сұрақтарға нақты жауап болмаған еді.

Иллинойс университетінің профессоры және Джонс Хопкинс университетінің медицина кафедрасының доценті Питер Тот былай дейді: 

«Бұл зерттеу холестеринді төмендетуге бағытталған біріктірілген терапияны дереу қарастыру қажеттігін және бұл тәсіл жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі жоғары қауіп тобындағы пациенттерді емдеудің алтын стандартына айналуы керектігін растайды».

Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, статиндермен бірге эзетимибті бірден қосу, монотерапияның әсерін кемінде екі ай күтпей-ақ, холестерин деңгейін жылдамырақ төмендетуге және жүрек-қан тамырлары аурулары мен өлім-жітім қаупін айтарлықтай азайтуға көмектесетінін сенімді түрде мәлімдеуде.

Ең бастысы, бұл тәсіл жаңа қымбат дәрі-дәрмектер сатып алуды немесе басқа қаржылай шығындарды қажет етпейді. Жаңа тәсіл алғашқы және қайталанатын инфаркт пен инсульт, сондай-ақ жүрек жеткіліксіздігі сияқты асқынулардың көрсеткіштерін төмендетуі мүмкін, ал бұл кез келген денсаулық сақтау жүйелері үшін өте қымбат, маңызды көрсеткіш саналады.

Global Burden of Disease және Америкалық кардиологиялық қауымдастықтың деректері бойынша, LDL-холестериннің жоғары деңгейіне байланысты өлім-жітім Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда ең жоғары болып сақталуда. 

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда да жыл сайын жүрек-қан тамырлары ауруларынан шамамен 40 мың адам қайтыс болады. Бұл аурулар еліміздегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі саналады.

Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар міндет. Фото askendiet.com сайтынан алынды

Соңғы жылдары Қазақ елінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Бұл қуантатын жағдай. Алайда оң өзгерістерге қарамастан, жүрек-қан тамырлары аурулары елімізде қоғамдық денсаулық сақтау саласында әлі де өзекті проблема болып қалуда.

Ресми деректерге сәйкес, 35 пен 50 жас аралығындағы әрбір оныншы пациент жүрек ауруларынан зардап шегеді. Бұл – ел экономикасы үшін еңбекке қабілетті жас. Себебі 35 пен 50 жас аралығы – адамның кәсіби тәжірибесі мен біліктілігі ең жоғары деңгейге жететін кезең.

Осы жастағы азаматтар – негізгі жұмыс күшін құрайды, елдің өндірістік, қаржылық және әлеуметтік салаларының дамуына тікелей әсер етеді. Олардың денсаулығының нашарлауы, әсіресе жүрек аурулары сияқты күрделі ауруларға шалдығуы, жалпы ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен өсіміне кері әсерін тигізіп келеді.

Сондықтан да мұндай демографиялық топтың денсаулығына ерекше көңіл бөліп, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар міндет.

Ескерту. Медициналық препараттарды дәрігерлердің кеңесімен ғана қабылдау керек.

Кардиолог ғалымдар мен дәрігерлер ғылыми зерттеудің толық нұсқасын Mayo Clinic Proceedings журналынан оқи алады.


Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.