Құнанбай Өскенбайұлы көпшілікке М.Әуезовтің «Абай жолы» шығармасынан таныс. Дегенмен тобықтының дауына да, жауына да жауап қайтара алатын қажы жайлы білеріміз аз. Енді Абайды тәрбиелеген тұлғамен жақынырақ танысуға болады. Өйткені тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты кітабы жарық көрді. Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ғылым академиясы, халықаралық Түркі академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы, Ұлттық академия бірігіп тарихи еңбектің тұсауын кесті. Құнанбайдың өмір жолы мен атқарған ісі арқау болған туынды 3 000 данамен шыққан. Ғылыми еңбектің авторы Ерлан Сыдықов аталған кітапты жазу үшін ұзақ уақыт зерттеу жүргізіп, архив ақтарған. Ол Омбы, Новосібір, Шығыс Қазақстан және Орталық Қазақстандағы архивтерінен құнды мағлұмат тапқан. Ғалым тұсаукесер рәсімінде неліктен Құнанбайды кейіпкер ретінде таңдап алғанын түсіндірді. Ерлан Сыдықовтың сөзінше, оқырман оған «Абай жолындағы» образ ретінде емес, тарихи тұлға есебінде үңілуі керек. Зерттеу барысында түрлі тың дерек пен айрықша көзқарасты байқағанын атап өтті. «Құнанбай» кітабы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасында «ЖЗЛ» сериясымен шыққан. Айта кетерлігі, кітап орыс тілінде жазылған. Болашақта туындыны қазақ, қытай, түрік және ағылшын тілдеріне аудару жоспарда бар екен. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған тарту көптің көңілінен шықты. Өздеріңіз білетіндей, бұдан бұрын ғалымның «ЖЗЛ» сериясымен «Шәкәрім» кітабы жарық көрді. «Жизнь замечательных людей» сериясының өз астары бар. Ғалымның айтуынша, қазақ түсінетін, білетін тұлғаны басқа жұрт та тануы тиіс. Осындай оймен «Шәкәрім» атты тарихи-биографиялық кітап орыс тілінде шыққан. Артынша әлемнің 6 тіліне аударылған. Сол себепті келешекте «Құнанбайды» да жаһан танып, қызыға оқиды деген ойдамыз. Айбике ЖАНАСЫЛ