Көкшетаулық зейнеткердің 8 мың долларын алып кеткен дроппер ұсталды

Курьер алған ақшасын куратор көрсеткен шотқа аударуға үлгермеген.

Көкшетауда полицейлер Степногор қаласының 89 жастағы тұрғынының ақшасын алып кеткен дроппердің қылмыстық әрекетінің жолын кесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

19 наурызда күдікті жәбірленушінің стационарлық телефонына қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, оның немересі жол-көлік апатына түскенін, бірақ жақын туысы 18 000 доллар беріп, 5 жылға қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігі бар екендігін хабарлаған.

- Сенімділік үшін алаяқтар немересінің атынан қоңырау шалған. Белгісіз әйел көзіне жас алып, зейнеткерден ақша жіберуді өтінеді. Мазасызданған әйел қырағылықты ұмытып, алаяқтарға өзінде тек 8000 АҚШ доллары бар екенін айтқан.

Кейін зейнеткер осы қаражатты және тағы 100 000 теңгені пакетке салып, заттармен бірге такси жүргізушісіне тапсырған, ол қылмыс туралы білмей, пакетті Көкшетауға әкеліп, курьерге берген, – делінген ақпаратта.

Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 22 жастағы курьер ұсталды. Ол алған ақшасын куратор көрсеткен шотқа аударуға үлгермеген. Тек такси қызметтері мен жеке қажеттіліктеріне 27 000 теңге жұмсаған. 27 наурызда туған күні ақша заңды иесіне қолма-қол қайтарылды. 

Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.