Әскерлер тасқынмен күресте де алғы шепте

Қазақстан армиясы бейбіт күнде де алғы шепте жүреді. Төтенше жағдайлар кезінде көмекке де келеді.

Биыл да солай. Тиісті құрылымдарға Қазақстан армиясы мен Ұлт­тық ұлан бөлімшелері көмек көрсетуге даяр. Мың­даған сарбаз тасқынға қарсы жұмыстарға жұмыл­дырылған. 

Қазақстан Қорғаныс ми­нистрлігі таратқан мәліметтерге қарағанда Қарулы күштердің 2000-нан астам сарбазы мен 770 техникасы су тасқынына қарсы жұмыстарға қатысып жатыр. Олар еліміздің түрлі аймақтарында жұмыс істейді. Әскерлер Ақмола, Абай, Солтүстік Қазақстан, Қос­танай, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарының жер­гілікті қызметтері мен халқына жан-жақты көмек көрсетуде.

Дегенмен тасқынға қарсы ша­раларға қатысып жатқан әскери­лер саны мұнымен шектелмейді. Су басудың алдын алу ісіне әу баста 7 мыңнан астам әскери қыз­метші мен 500 дана техника бө­лінген. Әскери-көліктік авиация­ның ұшақтары мен тікұшақтары, дрондары, жол талғамайтын кө­ліктері қолдануға әзір күйге кел­тірілген еді. Одан бөлек, понтон көпірлері, жүзетін көліктер, дез­инфекция жасайтын техника да сайланған болатын. Бірқатар об­лыста аумақтық қорғаныс бри­гадаларының жеке құрамы су тасқынының алдын алу шара­ла­рына жұмылдырылған еді. Ал Солтүстік Қазақстан облысының Подгара және Тепличный елді мекендерінде әскерилер 1 500 қап құм даярлап қойды, БҚО-ның Тасқала ауылында өзен жағасына 300 қап құм төселді. Одан басқа шаруалар да істеліп жатыр. Қазақ сарбаздары тасқынға қарсы жұ­мыстарға белсене қатысып жатыр.

Сөз басында айтылғандарды армия бөлімдерінің көмегі деп бағаласақ, одан бөлек тасқынға қарсы жұмыстарға Ұлттық ұлан күштері де жұмылдырылады. Ұлт­тық ұлан өкілдері су тасқынына қарсы 10 мың әскери қызметкер бөлуге даяр екенін мәлімдеген болатын. Әрі 350 техника әзірлеп қойыпты. Ми-171Е тікұшақтары мен Y8F00W ұшақтарын әзірлеп қойды. Арнайы резервтер дер қарастырған. Атап айтқанда, Ұлт­тық ұланның тасқынға қарсы жұ­­мыстарға жұмылдыратын резер­вінде 1 600-ден астам сарбаз тұр. 

Былтыр Ұлттық ұлан су тасқы­нының зардабын жойып, адам­дар­ды эвакуация жасау үшін 46 рет ұшақ, 115 рет тікұшақ ұшыр­ған. Ол үшін 7 дана ұшақ пен тік­ұшақ пай­­­даланды. Ұландықтар 2024 жылы 5,5 мың адамды эва­куа­циялаған. Соның ішінде 501 адамды қауіпсіз жерге көшіру үшін авиация пайда­ланды. Одан бөлек, 600 тонна жүк пен 130 тон­на гуманитарлық кө­­мек­ті тиісті аймақтарға жеткізді. Жалпы, былтыр Ұлттық ұланның 3,5 мың әскері, 150-ден астам тех­никасы тасқынмен күреске тартылды. 

Ал былтыр армия тасқынмен күреске 6 мыңнан астам сарбазды жұмылдырды. 255 техника, 12 тікұшақ, 5 әскери-көлік ұшағын, 3 дана ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланды. 3 475 адамды эва­куа­циялап, 1 770 адам мен 233 тонна жүкті тиісті жерге жеткізді. Был­тыр әскерилер 2,1 млн қап құм даярлапты. 

А.СҰЛТАН