Әйелдер күресінен Үндістанда өтетін Азия чемпионатына қатысатын спортшылардың тізімі жарияланды. Әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрамасы чемпионат алдында Нұр-Сұлтан қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Нұрлан Аманқосов баптайтын балуан қыздар алдағы сайысқа тас түйін дайын болуы керек. Себебі Үндістанда өтетін Азия біріншілігі бір төбе болса, құрлықтық лицензиялық турнир де маңызды. 18 ақпан күні өтетін Азия чемпионатында Қазақстан намысын Валентина Исламова (50 кг), Татьяна Ахметова (53 кг), Марина Зуева (55 кг), Алтынай Сатылған (57 кг), Мәдина Бақбергенова (59 кг), Аяулым Қасымова (62 кг), Гаухан Мұқатай (65 келі), Альбина Қайыргелдинова (68 келі), Жәмила Бақбергенова (72 келі) мен Эльмира Сыздықова (76 кг) қорғайды. Тізімге үңілсек, ішіндегі тіс қаққаны – Эльмира Сыздықова мен Валентина Исламова. Ал тәжірибелі Жұлдыз Ешімова әлі жарақатынан айыққан жоқ. Сондықтан ол Үндістан астанасына бармайды. Құрама бапкері Нұрлан Аманқосов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында балуан қыздардың дайындығы жақсы екенін айтты. Жоғарыда аталған қос сынға негізінен қосалқы құрамды апаратынын мәлімдеді. Оған қоса, команданың 80 пайызы жаңарғанын атап өтті. Бапкердің ойынша, құрама Азия біріншілігінен кемінде 2-3 жүлде алады. Айбике ЖАНАСЫЛ