БҰҰ штаб-пәтерінде (Нью-Йорк қ.) Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің конференциясы өтті, оған Қарағанды облысының делегациясы да қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қарағанды облысы Семей ядролық полигонының құрбаны, әлемге әйгілі суретші Кәріпбек Күйіковтің суреттерінің көрмесін және тарихи-өлкетану музейінің қорларынан «Полигон жаңғырығы» атты фотокөрмемен таныстырып, өз тарихын, мәдениетін және өмір сүруге деген ынтасын әлемге таратты.
"Біздің Отанымыздың өнерін БҰҰ сияқты маңызды халықаралық тұғырнамада таныстыру – біз үшін үлкен мәртебе. Біз шығармашылық пен өнер арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығы туралы, жаһандық қауіпсіздікті қолдаудағы әрбір адамның рөлі туралы мықты хабарлама жеткізуге болатынына сенімдіміз , – деп атап өтті Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.
Ядролық қаруды таратпау жөніндегі конференция үкіметтерді, ғалымдарды, белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдерін қоса алғанда, әлемнің түкпір-түкпірінен делегаттарды жинайтын әлемдік аренадағы маңызды оқиға екені сөзсіз.
Қарағанды облысының суреттер көрмесі қатысушылардың назарын тек техникалық мәселелерге ғана емес, сонымен қатар бейбітшілікті сақтау жөніндегі жаһандық күш-жігердің гуманитарлық құрамдас бөліктеріне де аударды.
Қарағанды облысының делегациясы осы маңызды форумға қатысуы Қазақстанның әлемдік қоғамдастықпен мәдени және дипломатиялық байланыстарын тереңдетуге ықпал еткенін мақтан тұтады. Кәріпбек Күйіков суреттерінің көрмесі, сондай-ақ мұражай қорларындағы фотокөрме конференция бойы жұмыс істеді әрі делегаттар мен халықаралық ұйым өкілдерінің келуіне қолжетімді болды.
Көрмеге күн сайын 100-ден астам келуші келіп, олардың әрқайсысы Кәріпбек Күйіковтің қайсар мінезіне, сондай-ақ Қазақстанның ядролық қаруды таратпау қозғалысына қосқан ерекше үлесіне тәнті болды. Кәріпбек өзінің өнерінің арқасында әлемдегі бейбітшілік пен ядролық қарумен күрестің символына айналды. Оның өнері – жай ғана сурет емес, күрес, үміт, бейбіт, өмірге ұмтылу. Оның шығармаларын таныстыра отырып, біз еліміздің барша әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтынын көрсеттік. Біздің басты мақсатымыз – болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз, гүлденген әлемді қалдыру.